Оқиға

Шымкенттегі қайғылы оқиға: үш адам қаза болды

Алдын ала болжам бойынша, олардың бірі күзетші болып істеген, қалғандары иесіз цехтың металл конструкцияларын бұзумен айналысқан
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 14 ақпан – Sputnik. Шымкентте "Ордабасы" индустриалды аймағында бес қабатты ғимарат опырылып құлады, үш адам қаза болды.

Жазатайым оқиға туралы хабар ТЖД пультіне сенбі, 13 ақпан күндіз түскен. Еңбекші ауданында Қапал батыр тас жолында орналасқан "Ордабасы" индустриалды аймағында қараусыз қалған ғимарат құлады, деп жазады "Отырар" басылымы.

Бес қабатты ғимараттың 625 шаршы метр аумағында темір-бетон плиталарының жабындысы опырылды. Ғимарат қараусыз қалған, жалпы ауданы – екі мың шаршы метр.

Тағы оқыңыз: Батыс Қазақстанда сабақ өтіп жатқанда мектептің төбесі опырылып құлады

Оқиға орнына жедел құтқару жасағы, кинологиялық есеп пен апаттар медицинасы орталығының бригадасы тартылды. Кинологтар үйінді астынан үш ер адамның (1967, 1992 және 1999 жылғы) мәйітін тапты.

Алдын ала болжам бойынша, олардың бірі күзетші болып жұмыс істеген, қалған екеуі иесіз цехтың металл конструкцияларын бұзумен айналысқан.