НҰР-СҰЛТАН, 10 ақпан – Sputnik. Елорда әкімі Алтай Көлгінов birge-elorda.kz порталының іске қосылатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Құрметті қала тұрғындары мен қонақтары, осы жерде birge-elorda.kz сайтының ашылғанын жариялағым келіп отыр. Біз конструктивті жұмыс істеп, кері байланысты күшейтуге мүдделіміз. Осы сайтты жақын арада іске қосамыз. Бүгін де кіре алатын шығарсыз", – деді Көлгінов онлайн форматта өткен халыққа есеп беру кездесуінде.
Қала басшысының айтуынша, негізгі мақсат – елорданы бірге дамыту. Осыған орай, порталда абаттандыру, газдандыру, көгалдандыру, әлеуметтік нысандар, қоғамдық жерлер, қолжетімді баспана, денсаулық сақтау және тағы басқа бөлімдер бар. Соған кіріп, әрбір сала бойынша пікір қалдыруға болады.
"Қала тұрғындарын осы жұмысқа белсене атсалысуға шақырамын. Сіздер барлық сын-ескертпелеріңізді жаза аласыздар. Біз оның әрбіріне назар аударып, жұмыс кезінде ескеретін боламыз", – деп атап көрсетті Көлгінов.
Оқи отырыңыз: "Қоңыраулар саны азайды" – Алтай Көлгінов карантиннің пайдасы туралы
Әкімнің сөзіне қарағанда, бүгінде үш жылдық бюджет белгілі. Дегенмен, халықтан түскен ұсыныстардың негізінде оны түзетіп, өзгеріс енгізуге болады.