Әлем

Билл Гейтс коронавирустан кейін адамзатқа қандай қауіп төніп тұрғанын айтты

Мультимиллиардердің пікірінше, жыл сайын климаттың өзгеруінен қазіргі індеттен де көп адам қайтыс болады
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 8 ақпан – Sputnik. Microsoft негізін қалаушы, мультимиллиардер және филантроп Билл Гейтс коронавирус пандемиясынан кейін адамзатқа екі қауіп төніп тұрғанын мәлімдеді. Біріншісі – климаттың өзгеруі, екіншісі – биотерроризм.

Бұл туралы ол Veritasium YouTube-каналына берген сұқбатында айтты.

"Олардың бірі – климаттың өзгеруі", - деді Гейтс әлем қандай қауіп-қатерлерге дайын емес деген сұраққа жауап беріп.

Оның пікірінше, жыл сайын климаттың өзгеруінен қазіргі індеттен де көп адам қайтыс болады.

Екінші қатер – биотерроризм, деп санайды мультимиллиардер.

"Әлдекімдер адамзатқа зиян келтіргісі келеді, вирус ойлап табуы мүмкін", - деді ол.

Тағы оқыңыз: Қандай фактор коронавирустан болатын өлім-жітімді 9 есе көбейтеді

Бұған дейін Microsoft негізін қалаушы Süddeutsche Zeitung неміс басылымына берген сұқбатында әлем келесі пандемияға дайын емес екенін, өйткені ол COVID-19 індетінен он есе қауіпті болуы мүмкін екенін мәлімдеді.

"Екі жылдан кейін жағдай өзгереді деген үміттемін. Вакцина, тест, препараттар, эпидемиология, мониторинг – індетті тоқтату үшін біраз дүние жасауға болады", - деді мультимиллиардер.

Гейтстің пікірінше, коронавирус жер сілкінісі, торнадо немесе климаттың өзгеруі сияқты күнделікті өмірдің бір бөлігіне айналды. Ал мұндай қауіп-қатерге жаһандық тұрғыда жауап беру қажет.