НҰР-СҰЛТАН, 5 ақпан — Sputnik. ҚР қаржы вице-министрі Руслан Бекетаев Тимур Жақсылықовтың орнына ЕЭК министрі болып тағайындалды. Еуразиялық экономикалық комиссияның бұрынғы министрі басқа қызметке ауысты. Бұл жөнінде ЕЭК төрағасы Михаил Мясникович мәлімдеді.
"Жақсылықов мырзаның басқа қызметке ауысуына байланысты Еуразиялық экономикалық комиссияның министрі қызметіне Руслан Бекетаевты тағайындау туралы шешім қабылданды", - деді Мясникович.
Тимур Жақсылықов ЕЭК экономика және қаржы саясаты жөніндегі министрі болатын. Руслан Бекетаев бұған дейін Қазақстанның қаржы вице-министрі қызметін атқарды.
Руслан Бекетаев туралы не білеміз
Руслан Бекетаев 1975 жылы Шымкентте дүниеге келген. Ол экономист-бухгалтер мамандығы бойынша Қазақ мемлекеттік аграрлық университетін тәмамдаған. Сондай-ақ, Британиядағы Бристоль және Оксфорд университеттерінде білім алған.
Ұлттық банкте, қаржы полициясында, қаржы нарығы және қаржы мекемелерін реттеу жөніндегі агенттікте қызмет атқарған. 2014 жылдан бері Қазақстанның қаржы вице-министрі қызметін атқарып келді. Қаржы жүйесінің үздігі, "Ерен Еңбегі үшін" медалімен марапатталған.