Бұдан сәл ертерек Франция президенті Эммануэль Макрон "Спутник V" вакцинасын қолдану туралы шешім саяси емес, Lancet журналындағы клиникалық сынақтардың үшінші кезеңінің нәтижелеріне негізделген ғылыми шешім болуы керек екенін айтты. Мадрид те ресейлік препаратты қолдануға Испания дайын (ЕМА мақұлдаса) екенін мәлімдеді.
Ал Германияға келер болсақ, қаңтар айында Ангела Меркель Берлин ресейлік әзірлемені Еуропада тіркеу бойынша көмектесуге дайын екенін мәлімдегенде-ақ мемлекеттегі биліктің осы мәселе бойынша Мәскеумен ынтымақтастық орнатуға ниеті туралы белгілі болды. Сонымен қатар, қазіргі уақытта Еуропаның ықпалды бұқаралық ақпарат құралдары "Спутник V" туралы оң пікір айтылған мақалаларды қарша боратып жатыр. Себебі, ресейлік препаратты қаралаудың бірнеше айға созылған науқаны аяқталып, енді қоғам пікірін шұғыл түрде өзгерту керек болып тұр. Өйткені, бұл препарат ЕО халқын вакциналауда шешуші рөл ойнайтын түрі бар.
Ресми түрде жағдай мынандай сипатқа ие: Lancet журналындағы жап-жаңа жарияланым "Спутник V" сапасына қатысты көпшіліктің көзін ашты. Алайда Германияда вакцина өндірісіне арналған алаңды дайындау қарқынды жүріп жатыр.
Қалай болғанда да, немістер Еуропадағы көшбасшы өздері екенін кезекті рет дәлелдеді. Басқалары әліптің аяғын күтіп отырғанда, Германия саяси маңызды әрі экономикалық тұрғыдан тиімді мәселенің түйінін өзіне әкеліп тіреп қойды.
Бұл "Солтүстік ағын – 2" жобасына қатысты жағдайға ұқсас. Аталған жобаны жүзеге асыру үшін Берлин табандылық танытып, Кремльдің ешбір "қылмысына" көңіл аудармай келеді. Себебі, бұл келешегі зор әрі маңызды мәселе. Сол секілді Ресей вакцинасы да елемеуге болмайтын маңызды жоба болып шықты. Батыстың о бастағы жоспары да осы еді.
Әйткенмен, Еуропадағы жағдай мәз емес.
Вакцина тапшылығы үлкен проблемаға айналды. Әрбір доза үшін талас-тартыс жүріп, ақыры дауға ұласып жатыр. Оның үстіне, ағылшындар мен шведтердің AstraZeneca вакцинасының орташа деңгейдегі тиімділік көрсеткіші жығылғанға жұдырық болып тиді. Ал Американың Pfizer мен Moderna вакциналарының тиімділігі жоғары болғанымен, тым қымбат, әзірлеу мен сақтауды қиындатып жіберетін өндіріс пен логистикаға қатысты тым күрделі талаптары бар.
Сонымен қатар БАҚ пен билік сирек сөз қозғаса да, адамдардың жиі ойында жүрген тағы бір мәселе бар. Қос препарат та әзірше адам денсаулығы үшін қауіпсіз екені толық көлемде тексерілмеген инновациялық технология бойынша әзірленген. Сондықтан вакциналаудан кейінгі адамдардың көз жұмуы қоғам назарын аударып отыр.
Батыстағылар "Спутник V" вакцинасын әзірлеуді Кеңес Одағының 1957 жылы ғарышқа алғашқы жасанды Жер серігін ұшырумен теңестіруде. Осыны мысал еткен немістердің Welt басылымының журналисі "сол уақыттан бері Ресей техникалық тұрғыда әлемді ешқандай таңғалдыра алмап еді" деп жазды.
Бұл мақтау сөз атом энергетикасы, гипердыбысты технологиялар, радиоэлектронды шабуылға қарсы күрес секілді салаларда әлемдік көшбасшы болып табылатын елде айтылды. Бұл мақтау сөз Қытайдағыдай өз интернет-ортасы бар елде айтылды. Бұл мақтау сөз ондағы цифрландыру деңгейін Батыс ешқашан қуып жете алмайтын елде айтылды.
Сондықтан, Ресей Батысты таңғалдыра алмай жүр ме, әлде Батыс оның жетістіктерін әдейі елемей жүр ме деген сұрақ туады. Мұндай төмендету көңілге кірбің түсіргенімен, оның оң тұсы да бар. Еуропа мен АҚШ Ресейді жете бағаламаған сайын орыстардың тосынсый жасауға мүмкіндігі жоғары. Сондықтан, әркез жеңіске жетуге деген құлшыныс та жоғары.