Өңірлер

Тараз тұрғыны өзін-өзі не үшін өртегенін айтты – видео

Жергілікті полицейлер Досжанды алып кетіп, Тараз қаласының маңындағы 5 бас мал ұрлығын "мойныңа ал" деп қинаған
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 4 ақпан – Sputnik. Тараз қаласының тұрғыны өзін-өзі өртеп жіберді. Ал оның туыстары полицейлерді кінәлап, мал ұрлығын кінәсіз адамның мойнына іле салуға тырысқан дейді.

"Ұрып-соғып, қылқындырып ауа жұтқызбай қинады. Бір-екі күннен кейін болса да, мойныма іліп жіберетінін, бірдеңе салып жіберетін сездім де, күйіп кеткеннен кейін өзімді жағып жібердім", – дейді Досжан Жарылқасын.

Almaty.tv арнасы осы оқиға бойынша арнайы репортаж түсірген. Оған сәйкес, 28 жастағы Досжан Жарылқасынның осыдан бір апта бұрын қалалық ауруханаға түскені туралы айтылған. Оның сөзінше Тараз қаласының маңындағы Шалғай Қарасу алқабында 5 бас мал ұрланған. Артынан жергілікті полицейлер Досжанды алып кетіп, "мойныңа ал" деп қинаған.

"Шықсам, ағама жүр деп жатыр екеуі. Ағам айтып жатыр: "бармаймын, кеше де ұрып соқтыңдар" деп. Одан қалды біздің көзімізше соттатып жіберем деп қорқытты", – дейді Досжанның інісі Жасұлан Жақып.

Досжанның көршісі де бәрін көрген. Ринат Тәжімовтың сөзіне қарағанда, полицейлер Досжан Жарылқасынды қорқытқан. 

"Шығып қарасам олар тұр екен. Қорқытып жатыр. "Сені отырғызатын болсақ, былай да отырғызамыз, мойында" деп. Қысқан ғой баланы әбден. Ашуға бой алдырған ол оттықты алып, өзін-өзі өртеп жіберді", – деді Тәжімов.

Досжан ауруханаға түскенде денесінің 12 пайызын күйік шалған. Содан бері жасалған ем-домның арқасында жағдайы жақсарған. Қазіргі кезде ауруханадан шығуға дайындалып жатыр. 

Ал полиция департаментінің мәліметіне сәйкес, күдікті болған азамат бірнеше рет істі болған. Екі рет мал, 4 рет қалта ұрлығы бойынша ұсталған екен.

Оқи отырыңыз: Семейде бозбаланың өзіне қол салған сәті видеоға түсіп қалды

Дегенмен, Досжанға қысым көрсетті деген полицейлер жауапкершіліктен босатылмайды. Қазір оларға қатысты тексеріс басталды.

"Жамбыл облысы бойынша жемқорлыққа қарсы күрес басқармасымен Қылмыстық кодекстің 146-бабы 2-бөлігімен полиция қызметкерлеріне қатысты сотқа дейінгі тергеп тексеру амалдары басталды. Азаматтың өз-өзіне қол жұмсау дерегі бойынша өзіндік қауіпсіздік басқармасымен қызметтік тергеу жүргізілуде", – деді облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Гүлсара Мұхтарқұлова.