Экономика

Тоқаев жаңа орган құру туралы жарлыққа қол қойды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен агенттік төрағасы болып Жанат Элиманов тағайындалды
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 28 қаңтар – Sputnik. Қазақстанда қаржылық мониторинг агенттігі құрылады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тиісті жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды Ақорда.

Мемлекеттік орган Қазақстан президентіне тікелей бағынады және есеп береді.

Қаржылық мониторинг агенттігіне қаржы министрлігінің қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласында, сондай-ақ экономикалық және қаржылық қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу, оларды анықтау, жолын кесу, ашу және тергеп-тексеру бойынша функциялар мен өкілеттіктер беріледі.

Сондай-ақ, президент өз жарлығымен агенттік төрағасын да тағайындады. Жаңа органды Жанат Элиманов басқарады.

Оқи отырыңыз: "Бюджетке 2 триллион түседі": экономист президенттің шұғыл тапсырмасын түсіндірді

Айта кетейік, қаржы министрлігі мен ведомстволық бағыныстағы ұйымның штат саны қайта бөлініп, оның бір бөлігі аталған агенттікке қарасты болады.

Жанат Элиманов туралы не білеміз

Жанат Элиманов 1978 жылы 16 тамызда Қарағандыда туған.

Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін "Құқықтану" мамандығы бойынша тәмамдады.

Еңбек жолын 2000 жылы Қарағанды прокуратурасы сот қаулылары мен атқарушылық өндірістің заңдылығын қадағалау бөлімі прокурорының міндетін атқарушы қызметінен бастады.

2000-2007 жылдар аралығында Қарағанды облысы мен елорда прокуратурасы органдарында жұмыс істеді.

2007 жылдан 2017 жылға дейін әділет және қаржы министрлігінде, экономикалық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі құрылымында түрлі қызмет атқарды.

2017-2019 жылдары Бас прокуратураның құрылымдық бөлімшелерінде басшылық лауазымдарда болды.

2019 жылдың ақпаны мен сәуірінде – Қарағанды облысы прокурорының орынбасары.

2019 жылдың сәуірінен 2020 жылдың қаңтарына дейін қаржы министрлігі қаржылық мониторинг комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарды.

2020 жылдың қаңтарында қаржы министрлігі қаржылық мониторинг комитетінің төрағасы болып тағайындалды.