Экономика

"Бюджетке 2 триллион түседі": экономист президенттің шұғыл тапсырмасын түсіндірді

© Sputnik / Абзал КалиевМонеты, Финансовая пирамида
Монеты, Финансовая пирамида - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Сарапшы қыруар қаржыны көлеңкеден шығарудың арқасында ұлттық қордың ақшасын сақтап, оны ары қарай ұлғайтуға мүмкіндік бар деп есептейді

НҰР-СҰЛТАН, 26 қаңтар – Sputnik. Бүгін үкіметтің кеңейтілген отырысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев қысқа уақыттың ішінде экономикалық қылмыстармен күрес агенттігін құруды тапсырды. Себебі ішкі жалпы өнімнің үштен бірі, ал Дүниежүзі банкінің мәліметі бойынша 40 проценті көлеңкеде қалып отыр. Sputnik Қазақстан тілшісіне сұхбат берген GSB UIB бизнесті талдау орталығының директоры, экономист Мақсат Халық мемлекет басшының осы тапсырманы не себепті шұғыл түрде шешуді тапсырғанын түсіндірді.

"Бір-екі жыл бұрын бұл көрсеткіш 27 процент болған. Қазір ресми түрде 30 процент деп жатыр. Ол шамамен 23 триллион теңгеден асып жығылады. Бірақ сарапшылардың көбісі көлеңкеде жүрген ақшаның көлемі одан да көп дейді. Бұл – өте көп ақша. Ал ресми түрде айтылған ақшаның өзін заңдастыратын болса, онда 10 проценттік салықпен бюджетке кем дегенде 2 триллион түседі. Ол дегеніміз, ұлттық қордан ешқандай аударым жасаудың қажеті жоқ", - дейді Халық. 

Сарапшының айтуынша, қыруар қаржыны көлеңкеден шығарудың арқасында ұлттық қордың ақшасын сақтап, оны ары қарай ұлғайтуға мүмкіндік бар. Оған қоса, сырттан қарыз алуға деген сұраныс та азаяды. Экономиканы көтеріп, әлеуметтік мәселелерді шешуге болады.

"Ал ұлттық қорды іске қосатын болсақ, онда шын мәнінде халықтың біраз әлеуметтік мәселесін шешуге жол ашылады. Бюджет саласы қызметкерлерінің жалақысын көтеруге мүмкіндік бар. Сондықтан президенттің бұл бастамасы өте орынды", - деп атап өтті Халық.

Осы орайда экономист жаңа агенттіктің тікелей президентке бағынғанын да қолдап отыр. Айта кеткен жөн, қазіргі кезде экономикалық қылмыстармен қаржы министрлігінің құрамындағы қаржы мониторингі комитетіне кіретін экономикалық тергеулер қызметі айналысады.

"Меніңше, экономикалық тергеулер қызметін алып тастап, осы жұмысты бөлек бір агенттік ретінде ұйымдастырған дұрыс. Оған ешкім ықпал ете алмайтындай болуы керек. Ондай мекеме тікелей президентке бағынуы тиіс. Сонда ғана жұмыста ашықтық болады", - дейді Халық.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда жаңа агенттік құрылады 

Үкіметтің бүгінгі отырысында мемлекет басшысы өткен жылы салық және кеден түсімдерінің күрт азайғанын айтты. Әсіресе, кедендік төлемдер күрт төмендеген. Мәселен, Қытаймен арадағы шекараның өзінде тауарды дұрыс рәсімдемеудің 50 мың фактісі анықталды. Ал Қазақстанға кірген және Қытайдан шыққан тауарлардың есебін салыстырғанда 5 миллиард доллардың айырмашылығы шығып тұр. Экономист Мақсат Халық та осы мәселеге баса назар аударды.

"Бұны қаржы министрі бір-екі жыл бұрын айтқан. Бірақ ол кезде Қорғастағы айырмашылықтың көлемі 7 миллиард доллар болды. Сонда бізге Қытайдан біраз тауар кіреді, бірақ контрабандамен салығы төленбей, сан алуан жолдармен жан-жаққа таралып кетеді. Демек, қыруар қаржы көлеңкеде қалып отыр", - деп толықтырды Халық.

Сарапшы салықтық жүктемені төмендету арқылы көлеңкелі экономиканы азайтуға болатынын да еске салды. Себебі салықтың мөлшері төмен болса, кәсіпкерлер төлем жасаудан қашпайды.

Жаңалықтар
0