НҰР-СҰЛТАН, 26 қаңтар – Sputnik. Қазақстанда "Менің Туым! Менің Отаным!" акциясы жалғасып жатыр. Осы жолғы шара нағыз эстафетаға айналып, ауылдарға да тарап кетті. Sputnik Қазақстан тілшісі желіге жүктелген челленджтің ең айшықты видеоларына шолу жасады.
Акцияның тарихы
Бас кезінде "Менің Туым! Менің Отаным!" акциясы студенттер арасында колға алынған болатын. Мәселен, 2019 жылы Жетісу мемлекеттік университетінің студенттері эстафетаны Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетіне, сондай-ақ, басқа да жоғары және арнайы оқу орындарына жолдаған.
Былтыр президент қазақстандықтардың мемлекеттік туды кеңінен қолдану туралы ұсынысын қолдайтынын жазғаннан кейін мемлекеттік рәміздердің бейнелерін пайдалану туралы қаулыға түзетулер енгізілді. Осылайша, Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында туды ғимараттың қасбетіне және балконға ілуге рұқсат берілді. Содан "Менің Туым! Менің Отаным!" акциясы тың серпін алды. Халық мемлекеттік туды балконға іліп, видео түсіріп, эстафетаны бір-біріне жолдай бастады. Ал Қостанайда ат мінген жігіттер ту ұстап, қаланың қақ ортасымен жүріп өтті.
Биыл "Менің Туым! Менің Отаным!" акциясы ауылды жерлерде де қызу қолдауға ие болды. Сөз жоқ, оған көрші елдегі кейбір шенеуніктердің арандатушылық пікірлері де әсер етті.
Бүгінде YouTube желісіне эстафетаның жүздеген видеосы жүктелген. Соның басым бөлігі солтүстік өңірлерде түсірілді. Сценарий бойынша бір ауыл атқа мініп, туды ұстап өтеді де, эстафетаны видео арқылы жолдайды, я болмаса, бірден туды жақын ауылдан келген салт аттыларға тапсырады. Бес ауылдың азаматтары бірігіп өткізген челлендж де бар.
Абылай ханның сөзімен басталатын видеолар да аз емес.
"Менің Туым! Менің Отаным!" челенджінің видеосын жариялайтындар, көбінесе, "Көк тудың желбірегені", "Алаш ұраны", "Мен қазақпын", "Елім менің", "Қазақтың ұлымын" сияқты композияциларды қолданады. Соның ішінде бейнеклиптен кем түспейтін дүниелер де бар.
Алматы облысында "Менің Туым! Менің Отаным!" челенджі аясында үлкен жиын өтті. Одан кейін халық көшемен жүріп өтті.