Қоғам

"Менің Туым! Менің Отаным!": ауылдарды аралаған челлендждің айшықты видеолары

© Photo : Национальный олимпийский комитетБалконға ілінген ту, архивтегі сурет
Балконға ілінген ту, архивтегі сурет - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Солтүстік Қазақстан облысының Ысқақ Ыбырай ауылының тұрғындары күйдің сүймелдеуімен барлық эстафетасын ғана емес, қазақтың салт-дәстүрін де көрсетіп шықты

НҰР-СҰЛТАН, 26 қаңтар – Sputnik. Қазақстанда "Менің Туым! Менің Отаным!" акциясы жалғасып жатыр. Осы жолғы шара нағыз эстафетаға айналып, ауылдарға да тарап кетті. Sputnik Қазақстан тілшісі желіге жүктелген челленджтің ең айшықты видеоларына шолу жасады.

Акцияның тарихы

Бас кезінде "Менің Туым! Менің Отаным!" акциясы студенттер арасында колға алынған болатын. Мәселен, 2019 жылы Жетісу мемлекеттік университетінің студенттері эстафетаны Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетіне, сондай-ақ, басқа да жоғары және арнайы оқу орындарына жолдаған.

Әу баста осы акция мемлекеттік туды насихаттау және жастарды патриоттық рухта тәрбиелеуді көздеді. Оны қоғамдық жерлерде өткізіп көрді. Артынан "Менің Туым! Менің Отаным!" ұранымен медициналық пойыз да ұйымдастырылды. Алайда акция кеңінен тарамады. Оған қоса, мемлекеттік рәміздерді қолдануға қатысты бірқатар шектеулер болған.

Былтыр президент қазақстандықтардың мемлекеттік туды кеңінен қолдану туралы ұсынысын қолдайтынын жазғаннан кейін мемлекеттік рәміздердің бейнелерін пайдалану туралы қаулыға түзетулер енгізілді. Осылайша, Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында туды ғимараттың қасбетіне және балконға ілуге рұқсат берілді. Содан "Менің Туым! Менің Отаным!" акциясы тың серпін алды. Халық мемлекеттік туды балконға іліп, видео түсіріп, эстафетаны бір-біріне жолдай бастады. Ал Қостанайда ат мінген жігіттер ту ұстап, қаланың қақ ортасымен жүріп өтті.

Ауылға жеткен челендж

Биыл "Менің Туым! Менің Отаным!" акциясы ауылды жерлерде де қызу қолдауға ие болды. Сөз жоқ, оған көрші елдегі кейбір шенеуніктердің арандатушылық пікірлері де әсер етті.

Бүгінде YouTube желісіне эстафетаның жүздеген видеосы жүктелген. Соның басым бөлігі солтүстік өңірлерде түсірілді. Сценарий бойынша бір ауыл атқа мініп, туды ұстап өтеді де, эстафетаны видео арқылы жолдайды, я болмаса, бірден туды жақын ауылдан келген салт аттыларға тапсырады. Бес ауылдың азаматтары бірігіп өткізген челлендж де бар.

Желіде видеолардың басым бөлігі бір сценариймен түсірілген. Дегенмен, арасында өзгеше түсірілген бейнебаяндар да бар.

Ал Солтүстік Қазақстан облысының Ысқақ Ыбырай ауылының тұрғындары күйдің сүймелдеуімен барлық эстафетасын ғана емес, қазақтың салт-дәстүрін де көрсетіп шықты.

Абылай ханның сөзімен басталатын видеолар да аз емес.

Абылайханның образын сомдағандар да бар

Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданында челенджге өзге ұлт өкілдері қатысты.

Ал Шоқан Уәлиханов ауданындағы Ақтүйесай ауылында өзге ұлт өкілдері қазақ тілінде өлең оқып берді.

Тура осы ауданда орналасқан Қулыкөл ауылында челенджге адамның көп шыққаны сонша, барлығы тізіліп тұрып, "ҚАЗАҚ" деген сөзді жазып шықты.

Бұдан бөлек, Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай "30" санын, "KZ" пен "АЛАШ" деген сөзді көліктізіп қойып жазып шыққан ауылдар да аз емес.    

Кәсіби клиптен кем түспейді

"Менің Туым! Менің Отаным!" челенджінің видеосын жариялайтындар, көбінесе, "Көк тудың желбірегені", "Алаш ұраны", "Мен қазақпын", "Елім менің", "Қазақтың ұлымын" сияқты композияциларды қолданады. Соның ішінде бейнеклиптен кем түспейтін дүниелер де бар.

Ал кейбіреулер челендж арқылы өз ауылын кеңінен таныстыруға тырысқан.

Челенджге тағы кімдер қосылды?

Алматы облысында "Менің Туым! Менің Отаным!" челенджі аясында үлкен жиын өтті. Одан кейін халық көшемен жүріп өтті. 

Оған Еңбекшіқазақ ауданы қосылды.
Өскемен қаласы да айшықты бір видеосын жариялады.

Бұдан бөлек, желіде Жамбыл, Павлодар, Қызылорда, Батыс Қазақстан, Түркістан, Ақтөбе мен Қарағанды облысында түсірілген видеолар бар. Тәуелсіздіктің 29 жылдығында басталған челендж 30 жылдық мерейтойға ұласты. Демек, эстафета жалғасуда.

Жаңалықтар
0