Өңірлер

Жарамсыз әуе айлағын 240 миллион теңгеге сатып алған экс-әкімге сот үкімі шықты

2020 жылдың қарашасында Павлодар облысы Баянауыл ауданының бұрынғы әкімі сыбайлас жемқорлық жасады деген күдікке ілінді
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 22 қаңтар – Sputnik. Павлодар облысы Баянауыл ауданының бұрынғы әкімі Оразгелді Қайыргелдинов үш жарым жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Бұл туралы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде өткен брифингте айтылды.

"2021 жылы 18 қаңтарда Баянауыл аудандық сотының үкімімен ауданның бұрынғы әкімі Қайыргелдинов 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеуге сотталды", – деді агенттіктің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Данияр Биғайдаров.

Қайыргелдинов лауазымдық өкілеттігін теріс пайдаланды деп айыпталды.

Экс-әкім Баянауыл ауданының коммуналдық меншігіне кәсіпкерден пайдалануға жарамсыз әуе айлағын заңсыз сатып алған.

Осылайша мемлекетке 240 миллион теңге сомасында шығын келтірді.

Оқи отырыңыз: Тоңазытқыштағы нәресте өлімі: сот залында шу шықты – видео

Еске салсақ, 2020 жылдың қарашасында Павлодар облысы Баянауыл ауданының бұрынғы әкімі Оразгелді Қайыргелдинов сыбайлас жемқорлық жасады деген күдікке ілінді.

Оған қатысты қамауға алу түрінде бұлтартпау шарасы таңдалған еді.

Оразгелді Қайыргелдинов Баянауыл әкімі қызметін 2016 жылдан 2019 жылға дейін атқарды.