Қоғам

Медициналық сақтандыру қорынан пандемиямен күреске 187 миллиард теңге бөлінді   

Стационарларда және тағы басқа ұйымдарда коронавируспен күресіп жатқан денсаулық сақтау саласының қызметкерлеріне 110 миллиард теңге үстемеақы төленген  
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 20 қаңтар – Sputnik. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басқарма төрағасы Болат Төкежанов өткен жылы пандемияға қарсы күреске бөлінген қаржының көлемін жариялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

"Наурыз бен желтоқсан аралығында қордан коронавирус инфекциясына шамамен 187 миллиард теңге жұмсалды. Соның ішінде 110 миллиард денсаулық сақтау саласының қызметкерлеріне үстемеақы төлеуге бөлінді. Олардың барлығы – стационарларда және тағы басқа ұйымдарда коронавируспен күресіп жатқан дәрігерлер", - деді Төкежанов орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.

Оның айтуынша, коронавирустың алдын алу және медициналық көмек шараларына 54 миллиард теңге жұмсалды.

"Осы қаржыға провизорлық, инфекциялық және карантиндік стационарларда 384 мыңнан астам адам емделді. Бұдан бөлек, ПТР-диагностика қызметіне 27 миллиард теңге бөлінген болатын. Соған 1,9 миллион ПТР-тест жасалды. Ал мобильді топтардың қызметіне 3,2 миллиард теңге берілді. Олар 550 мың рет науқастарға барған", - деп атап өтті Төкежанов.

Қор басшысы 2021 жылы пандемияға қарсы күрес шараларына бөлінетін қаражаттың көлеміне де тоқталды.

"Биыл пандемияға қарсы шаралар жалғасып жатыр. Бірінші тоқсанда 42 миллиард теңге қарастырылған. Осы қаржы медицина қызметкерлерінің үстемеақысына, медициналық қызметтерге, сондай-ақ, ПТР-диагностика мен мобильді топтарға бөлінеді", - дейді Төкежанов.

Оқи отырыңыз: Шектеу шараларын жыл соңына дейін ұзартуға тура келуі мүмкін – облыс әкімі 

Айта кетейік, Қазақстанда осы уақытқа дейін 171 мыңнан астам адамның сынамасы оң нәтиже көрсетті. Олардың басым бөлігі жазылып шыққан. Қазіргі кезде коронавирустан 25 038 науқас (13 404 КВИ+ және 11 643 КВИ-) емделіп жатыр. Оның ішінде 6 522 пациент стационарда, ал 18 516 науқас амбулаториялық деңгейде ем қабылдауда.

Пациенттердің арасында 307 адамның жағдайы ауыр, 61-і хәл үстінде жатыр, 34 науқас жасанды тыныс алдырту аппаратына қосылған. Пандемия басталғалы бері елімізде коронавирустан 2 431 адам көз жұмды. Бұдан бөлек, ковидтік пневмониядан (КВИ-) 545 науқас қайтыс болды.