Өңірлер

Шектеу шараларын жыл соңына дейін ұзартуға тура келуі мүмкін – облыс әкімі

© Sputnik / Владислав Воднев"Қашықтықты сақтаңыз" жапсырмасы
Қашықтықты сақтаңыз жапсырмасы - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Ғали Есқалиев облыс тұрғындарын карантинді бұзу фактілері туралы құзырлы органдарға хабарлауға шақырды

НҰР-СҰЛТАН, 20 қаңтар – Sputnik. Батыс Қазақстан облысында жаңажылдық мерекелерден кейін коронавирус жұқтырғандар күрт көбейген. Өңір басшысы Ғали Есқалиев індеттің таралуын тоқтату үшін шектеу шараларын жылдың соңына дейін сақтауға тура келуі мүмкін екенін мәлімдеді, деп хабарлайды "Уральская неделя" басылымы.

19 қаңтарда БҚО әкімдігінде облыс әкімі Ғали Есқалиевтің қатысуымен коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі жедел штабтың отырысы өтті.

Жиын барысында инфекциялық ауруханалардағы жағдай туралы мәлімет берілді. Қазір облыста жеті инфекциялық стационар жұмыс істейді. Оларда төсек-орын қорының 51%-і толған. Күн сайын жансақтау бөліміне коронавируспен онға жуық науқас түседі.

Облыс әкімі вирус жұқтырғандардың неге көбейіп жатқанын сұрады.

"Жаңажылдық мерекелерден кейін індет өршіді. Қоғамдық көлікте адамның толып кетуі де вирустың таралуына әкеп соғуда. Адамдар қонаққа барады, бетперде тақпайды", - деп түсіндірді облыстың бас санитарлық дәрігері Мұхамғали Арыспаев.

Есқалиев Батыс Қазақстанның "қызыл" аймаққа кіргелі түрғанын айтты.

"Бізде өсім төмендемей тұр. Мұны шешудің екі жолы бар – карантинді сақтау немесе халықты вакцинациялау. 1 ақпаннан барлық өңір вакцина салуды бастайды. Бірақ оның саны шектеулі – бүкіл елге 6 миллион ғана. Бәріне жетпейді. Ондай жағдайда шектеу шараларын жыл соңына дейін сақтауға тура келеді. Жаңа шектеулер 21 қаңтардан күшіне енеді", - деді өңір басшысы.

Сондай-ақ, облыс әкімі "егер халық көмектеспесе, жергілікті биліктің жұмысы еш нәтиже бермейтінін" айтты. Атап айтқанда, Есқалиев тұрғындарды карантинді бұзу фактілері туралы құзырлы органдарға хабарлауға шақырды.

Отырыс барысында хабарланғандай, 1-18 қаңтар аралығында БҚО-да індетке шалдыққан 764 адам тіркелді. Олардың ішінде: жұмыс істейтіндер – 42,8%, зейнеткерлер – 22,1%, жұмыссыздар – 20% және 16 жасқа дейінгі балалар – 5,7%.

Жаңалықтар
0