Қоғам

Қазақстанда ескі көліктерді қабылдау басталды

Жеңілдік сертификатына Қазақстанда құрастырылған көліктерді сатып алуға болады. Сондай-ақ, екі сертификатты біріктіруге немесе оны басқа адамның атына тіркеуге рұқсат етіледі
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 18 қаңтар – Sputnik. Бүгіннен бастап 8 аймақта тозығы жеткен ауылшаруашылық техникасын қайта өңдеуге қабылдау бағдарламасы басталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Ресми мәліметке сәйкес, 18 қаңтарда Қостанай, Петропавл, Көкшетау, Ақтөбе, Қарағанды, Қызылорда, Талдықорған мен Шымкенттің қабылдау бекеттері ашылса, 1 ақпанда Павлодар, Алматы мен Таразда ескі агротехниканы қабылдау басталады.

Биылғы осы санаттағы 2 380 техниканы қабылдау жоспарланып отыр. Соның ішінде 1 900 трактор мен 480 комбайн бар. Ал жеңілдік сертификатының құны тапсырылатын техниканың түрі мен жиынтығына байланысты. Мәселен, толық жиынтықтағы комбайнға 2 миллион теңгенің сертификаты беріледі. Ал толық емес жиынтық үшін 1,5 миллион теңге қарастырылған. Сол сияқты толық жиынтықтағы тракторға – 1 миллион теңге, ал толық емес жиынтыққа 560 мың теңгенің сертификаты қарастырылған.

Оқи отырыңыз: "Бізді жамандай бермеңдер": Татьяна қар тазалаушылардың жанайқайын жеткізді - видео

Жеңілдік сертификатын Қазақстанда құрастырылған көліктерді сатып алу үшін пайдалануға болады. Сонымен қатар, екі сертификатты біріктіруге және оны басқа адамның атына тіркеуге мүмкіндік бар.  Оны бір жылдың ішінде пайдалану қажет.

Айта кетейік, recycle.kz сайтында алдын ала өтінімді қарайтын жүйе бар. Сол жерде утилизацияға тапсырылатын техниканы электронды кезекке қоюға болады. Ол үшін арнайы электрондық үлгіні толтыру қажет.

"Кезекке тұруға екі-ақ құжат керек. Ол – жеке куәлік және техниканы тіркеуден шығарғандығы туралы анықтама. Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы техникасының жан-жақтан түсірілген бірнеше суреті қажет. Өтінім мақұлданған жағдайда аграрлық техниканы кәдеге жаратуға тапсыру күні мен уақыты туралы ақпарат жіберіледі", – дейді мамандар.