Елорда тынысы

"Бізді жамандай бермеңдер": Татьяна қар тазалаушылардың жанайқайын жеткізді - видео

© Sputnik / Абзал ҚалиевТатьяна Мускинова
Татьяна Мускинова - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Елорда әкімінің халыққа есеп беру кездесуі кезінде Татьяна есімді қар тазалаушы микрофон алып, астаналықтарға қазақ тілінде үндеу жолдаған болатын

НҰР-СҰЛТАН, 17 ақпан – Sputnik, Арман Асқар. Жиында "Астана Тазалықтың" жұмыскері халықтан қар тазалаушыларға тіл тигізбеуді сұрады. Sputnik Қазақстан тілшісі Татьяна Мускиновамен кездесіп, қазақ тілін қайдан үйренгенін және кімнің нұсқауымен жиынға барғанын білді. Қарға көміліп қалған астананы тазалау жұмыстарын да көріп қайттық.

"Қазақ тілі қаныма сіңді"

48 жастағы Татьяна Мускинова Қарағанды облысы Жаңарқа ауданының тумасы. Сол жерде қазақ отбасына келін болып түсіп, бүгінде жолдасымен бірге екі бала тәрбиелеп отыр.

"Мен Айнабұлақ деген совхозда дүниеге келдім. Кішкентай кезімнен қазақ балаларымен араласып, тілді меңгеріп алдым. Мектеп пен колледжді орысша бітірдім. Алайда қазақ тілін ұмытқан жоқпын. Бала кезімде қаныма сіңген шығар. Екі баламыз бар. Екеуі де қазақша сөйлейді", - дейді Мускинова.  

Татьяна астанаға көшіп келген кезде біраз уақыт жұмыс таба алмайды. Артынан таныстары қар тазалауға шақырды. Татьяна келісті. Содан бері 14 жыл өтті. Қазір ол отбасымен бірге астанадан 40 шақырым шалғай жерде орналасқан Рақымжан Қошқарбаев ауылында тұрады. Сол жақтан күнде жұмысқа келеді. 

© Sputnik / Абзал Қалиев48 жастағы Татьяна қазақ отбасының келіні, жолдасымен екі бала тәрбиелеп отыр
Бізді жамандай бермеңдер: Татьяна қар тазалаушылардың жанайқайын жеткізді - видео - Sputnik Қазақстан
48 жастағы Татьяна қазақ отбасының келіні, жолдасымен екі бала тәрбиелеп отыр

"Мен қайта жақын тұрамын. Бізде Киевка, Ахмет ауылы, Оразақ және тағы басқа алыс елді мекендерден келетіндер де бар. Олар 90-100 шақырым жүріп келеді. Ауылда жұмыс жоқ. Осында келіп істейді. Мысалы, мен өзім сағат 03:00-де тұрамын. Төрттің кезінде автобус алып кетеді. Сөйтіп, күрек пен сыпырғыш алып, жұмысқа шығамыз", - деп атап көрсетті Мускинова.

Қар тазалаушының жұмыс тәртібі

Тәртіп бойынша қар тазалаушылар таңғы сағат 06:00-ге дейін жұмысқа шығуы тиіс. Себебі бірнеше сағаттан кейін кептеліс басталады. Оған дейін көшені тазалап үлгеру керек.

"Содан жанталасып жұмыс істейміз. 08:00-ге дейін учаскеміздің жартысын тазалап шығуға тырысамыз. Ал кептеліс басталғанда қар тазалау қиын. Оған қоса, көлік жүргізушілері ұрысады, айқайлайды, қуады. Сол кезде біз басқа учаскеге кетіп қаламыз да, кептеліс біткесін қайтадан келіп, қалып қойған қарды жинаймыз", - дейді Мускинова.

© Sputnik / Абзал ҚалиевҚар тазалаушылар таңғы сағат 06:00-ден кешкі 17:00-ге дейін жұмыс істейді
Бізді жамандай бермеңдер: Татьяна қар тазалаушылардың жанайқайын жеткізді - видео - Sputnik Қазақстан
Қар тазалаушылар таңғы сағат 06:00-ден кешкі 17:00-ге дейін жұмыс істейді

Сағат 10:00 мен 12:00-нің арасында демалыс. Ол уақытта қар тазалаушылар түскі ас ішеді, демалады. Татьянаның бригадасы жақын жердегі үйдің жертөлесінде тынығады. Ондай бөлмелерде кеңес заманынан қалған заттар да бар. Мәселен, Татьянаның бөлмесінде "Зил Мәскеу" маркалы ескі тоңазытқыш тұр.     

"Біз осы жерде тамақ ішеміз. Кезекшілікпен ыдыс жуамыз. 12:00-де автобуспен қайтадан учаскемізге барамыз да, 16:00-17:00-ге дейін қар тазалаймыз. Сөйтіп, үйге барғанша кешкі 21:00 болады. Үйдің шаруасы бар, тамақ істеу керек. Арғы жағында 4-5 сағат ұйықтап, тағы жұмысқа шығамыз", - деп әңгімеледі ол.

Татьянаның айтуынша, қатты аязда жұмыс істеген оңай емес. Қар тазалаушылар жылы аялдамаға кіруге де қорқады. Себебі халықтың "қаһары" қатты.

"Аязда біз ешқайда тығыла алмаймыз. Тығылатын жер де жоқ. Қазір жылы аялдамаға кірсек, бәрі бізге ала көзбен қарайды. Неге жұмыс істемейсіңдер, неге тығыласыңдар дейді. Содан біз жылы аялдамаға мүлдем кірмейміз. Өйткені қазір біреу фотоға түсіріп алып, әкімдікке жіберетінін білеміз. Еріктілерге рақмет айтқым келеді. Аязда бізге шай-кофе таратып жүреді. Тоқаш беріп, "Аға-тәте жылынып алыңыз" деп жүгіріп тұрады. Сол ұлдар мен қыздарға көп рақмет!", - дейді Татьяна. 

Астаналықтардың тазалық мәдениеті қандай?

Қар тазалаушылар бір адамдай жұмыс істейді. Еркек пен әйелдің бәрі бірдей мұзды ояды, қар лақтырады. Бірақ халық тарапынан құрмет аз.

"Негізі, көп адамның жаны ашымайды. 100 адам өтсе, біреуі ғана алғыс айтады. Қалғаны "бұл – сендердің жұмыстарың, сол үшін ақша аласыңдар" дейді. Күзде көлік жүргізушілері қатты жүріп, шалшық суды шашып кетеді. Содан қап-қара болып жүргенің. Кісілер соны көріп, тағы жамандайды. Ал ондайда киімді күнде жуып тұру керек қой. Кептіріп үлгермейсің", - дейді Мускинова.

Оның айтуынша, жазда жолдың жиегінде күл-қоқысты жинап жүргенде көлік қағып кете ме деген қорқыныш болады. Себебі машиналар үйкеліп өтеді. Ал аялдаманың маңайын сыпырғанда, адамдар шаңдатпаңдар деп ұрысып шыға келеді.

Астаналықтардың тағы бір жаман әдеті – үйден шыққан күл-қоқысты көшедегі урнаға тастап кетуі. Пакеттерін тығындап қояды. Тіпті, аялдаманың урнасына әкеліп тастайтындар да бар.

© Sputnik / Абзал Қалиев Қар тазалаушылар тұрғындардың көпшілігі олардың еңбегін құрметтемейтінін айтады
Бізді жамандай бермеңдер: Татьяна қар тазалаушылардың жанайқайын жеткізді - видео - Sputnik Қазақстан
Қар тазалаушылар тұрғындардың көпшілігі олардың еңбегін құрметтемейтінін айтады

"Біз бір жинап шығамыз. Біршама уақыттан кейін бастықтар қоңырау шалып, жинамадыңдар деп ұрысады. Сөйтсе, біз жинап өткеннен кейін адамдар тағы толтырып тастайды. Тіпті, көлікпен тоқтап, біздің сүйреп жүретін контейнерімізге лақтырып кететіндер де бар. Сонда үйдің ауласындағы контейнерге лақтыруға еріне ме? Түсінбеймін", - деп қынжылды Мускинова.

Оның айтуынша, көше жинайтындар қоғамдық көлікте электронды жүйенің қосылғанына қатты қуанып жүр. Әйтпесе, бұрын автобус билеттері шашылып жататын.

"Жазда біз жұма сайын көшедегі урналарды жуып отырамыз. Сонда байқағанымыз, адамдар күл-қоқыс жәшігіне қақырып-түкіріп кетеді. Сырты жап-жаман болып тұрады. Сонда адамдар үйде де солай істей ме деген ой келеді. Жинайтын адам бар, солар жинасын деп ойлайтын шығар", - дейді Татьяна.  

Жалақыны көтерген дұрыс

Өткен аптада Татьяна әкімнің халыққа есеп беру кездесуіне барып, әлеуметтік желіде қар тазалаушылардың жұмысын сынайтындарға жауап берді.

"Еститініміз бір – "Астана Тазалық" жұмыс істемейді, тротуар быт-шыт, әкімдікке айтамыз дейді. Біз тер төгіп, ақша табамыз. Бізге қиын. Техника бар, бірақ адам аз. Мысалы, мен өзім екі әйелмен "погрузкада" жүремін. Нанбасаңыз, менімен бірге таңғы сағат алтыда шығыңыз. Сыпырғыш пен күрек алып, түнгі онға дейін жүрсін. Сосын біз жұмыс істейміз бе, жоқ па, өздері көрсін. Ондай сөзді айтпаңдар. Instagram-да беталды нәрсе жазбаңдар", - деді ол.

© Sputnik / Абзал ҚалиевТатьяна Мускинова әлеуметтік желіде қар тазалаушылардың жұмысын сынайтындарға жауап берді
Бізді жамандай бермеңдер: Татьяна қар тазалаушылардың жанайқайын жеткізді - видео - Sputnik Қазақстан
Татьяна Мускинова әлеуметтік желіде қар тазалаушылардың жұмысын сынайтындарға жауап берді

Біз Татьянадан ол кездесуге қалай келгенін сұрадық. Оның айтуынша, әкімнің есеп беруіне өз қалауымен барыпты. Себебі әлеуметтік желілерде қар тазалаушыларға тіл тигізеді. "Жұмыс істемейді!" деп жазатындар көп.

"Иә, биыл қар көп түсті. Бірақ жанталасып жұмыс істеп жатырмыз ғой. Ал халық Instagram-да отырып алып, бізді жамандайды. Соның бәрін оқысам, жұмыскерлер үшін жүрегім ауырады. Сөйтіп, әкімнің кездесуі болады дегенді естігенде барамын деп шештім. Басында бәрін журналистерге айтамын деп ойлағанмын. Сосын микрофонға шығып айтқанды жөн көрдім", - дейді Мускинова. 

Оның сөзіне қарағанда, қар тазалаушылардың басым бөлігі – ауыл адамдары. Ал қаланың тұрғындары көшеде жұмыс істегісі келмейді.

"Жастар мүлдем келгісі жоқ. Далада суық, қалай жұмыс істейсіз дейді. Сосын жалақы аз деп келмейді. Келсе де, бір-екі күн жұмыс істейді де, формасын алып, шықпай қояды", - дейді Мускинова. 

Айта кеткен жөн, әкім халыққа есеп бергенде қар тазалаушыларға өз алғысын білдіріп, биыл сыйақының көптеп берілетінін айтқан. Бірақ Татьяна асығып, жұмысқа кетіп қалды.   

"Иә, біз асығып, кетіп қалдық. Әкім сыйақы беріледі деді. Енді, қазір сыйақы әрқалай түседі. Алдында 80 мыңнан берген. Сосын 40 мың, одан кейін 24 мың теңгеге түсірген. Рақмет айтып жатырмыз. Бұрын біздің жалақы 35 мың теңге болатын. Содан ақырындап көтерілді. Қазір 100-120 мыңдай аламыз. Бірақ тағы кішкене көтерсе, жақсы болар еді. Себебі жұмысымыз өте ауыр", - деді Татьяна Мускинова.

Жаңалықтар
0