Өңірлер

Мектепте COVID жұқтырғандар көбейіп жатыр: Қостанайда білім беру форматы өзгерді

Білім басқармасының басшысы Бәйменованың айтуынша, шектеу шаралары 18-31 қаңтар аралығына енгізіліп отыр
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 18 қаңтар – Sputnik. Қостанай қаласында 5-11 сынып оқушылары толығымен қашықтан оқыту форматына ауыстырылды. Негізгі себеп – мұғалімдер мен оқушылар арасында науқастардың көбеюі, деп хабарлайды жергілікті "Алау" басылымы.

Ресми мәліметке сәйкес, 1 қаңтардан бері педагогтар арасында COVID-19 індетін жұқтырған 50 адам анықталды. Сондай-ақ, 53 оқушының сынамасы оң нәтиже көрсетті.

Науқастардың басым бөлігі дәрігерлік көмекке өздері жүгінген. Сол кезде олардың коронавирус жұқтырғаны белгілі болған. Бұдан бөлек, профилактикалық тексерістер кезінде анықталған науқастар да бар. Осыған байланысты қаланың бас санитар дәрігері мектептерді ішінара қашықтан оқытуға ауыстыру туралы қаулы шығарды.

Білім басқармасының басшысы Зәуре Бәйменованың айтуынша, шектеу шаралары 18-31 қаңтар аралығына енгізіліп отыр.

Шеткеу шаралары Қостанай аумағына ғана таралады. Облыс орталығында 1-4 сыныптар үшін кезекші топтар жұмыс істейді.

"Ал 5-11 сынып оқушылары үшін қашықтан оқыту ұйымдастырылып отыр. Басқа аудандарда үшінші тоқсанның форматы сақталады. Кезекші топтар, 300 балаға дейінгі мектептер, 9-11 сынып оқушылары үшін аралас оқыту сол күйінде болады", – деді Бәйменова өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.

Айта кетейік, үшінші тоқсанда республика бойынша дәстүрлі форматта білім алып жүрген оқушылардың саны 42 процентке жетті. Атап айтқанда, 1-7 сыныптар мен 300-ге дейін оқушысы бар мектептерге 9-12 сыныптар қосылды. Барлық штаттық форматта оқиды. Бірақ пәндердің 70 проценті – штаттық режимде, ал 30 проценті қашықтан оқыту форматында өтеді. Ол пәндерді мектептердің өздері анықтайды.

Оқи отырыңыз: Тоқаев қашықтан оқыту туралы заңға қол қойды

Ал мектеп-интернаттарда тұрып оқуға рұқсат бар. Оқушылар үшін жеке консультациялар өткізуге болады. Үшінші тоқсан 20 наурызға дейін жалғасады.