Өңірлер

Алматы полициясы қаржы пирамидасының екі директорын ұстады

Қазіргі уақытта 26 және 30 жастағы екі ер адам уақытша ұстау абақтысында қамауда отыр. Бас директорға халықаралық іздеу салынды
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 16 қаңтар – Sputnik. "QI-Trade Kazakhstan" қаржы пирамидасының екі директоры ұсталды, деп хабарлады Polisia.kz.

Алматы полиция департаменті тергеу басқармасының мәліметінше, 1990 және 1994 жылы туған ер адамдар ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған. Бір күн бұрын сот "қамауға алу" түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады.

"4 миллиард теңгемен қашып кеткен": мыңдаған адам алданғанын мәлімдеді

Полиция ЖШС-нің бас директоры – 1994 жылы туған жігітке халықаралық іздеу салынғанын еске салды.  

Қазіргі уақытта оның жүрген жерін анықтап, ұстауға бағытталған жедел іздестіру іс-шаралары жүргізіліп жатыр.

"Компанияның шоттарына шектеу қойылды. Қазіргі таңда тергеуге жәбірленушілер мен осы ЖШС-нің басқа қызметкерлері қатысып жатыр", – деді полиция департаменті бастығының орынбасары Рүстем Әбдірахманов.

Еске сала кетейік, өткен айда "QI-Trade Kazakhstan" инвестициялық компаниясының мыңдаған салымшысы алаяқтарға алданғанын мәлімдеді. Олар ақшасын айына 3-8 проценттік өсіммен салған. Ал компанияның бас директоры төрт миллиард теңгемен қашып кетті деген болжам бар.