Экономика

"Әділ болуы керек": Тоқаев зейнетақы жинағын пайдалану туралы айтты

Қазақстан президенті азаматтарға өз жинағын түрлі құрал арқылы басқаруға мүмкіндік беру қажет екенін атап өтті
Sputnik

АЛМАТЫ, 15 қаңтар – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев VII шақырылған парламенттің алғашқы сессиясында зейнетақы жүйесін одан әрі дамыту тұжырымдамасы әзірленіп жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Президенттің пікірінше, зейнетақы жүйесі әділ және адам мүддесіне сай келуі керек.

"Зейнетақы жүйесі әділ болып, адамдар мүддесіне сай болуы керек. Біз маңызды, бірегей реформаны – зейнетақы активтерін ішінара алу және пайдалану мүмкіндігін іске қостық. Сонымен қатар азаматтарға өз жинағын түрлі құрал арқылы басқаруға мүмкіндік беру қажет", - деді мемлекет басшысы.

Оның айтуынша, үкімет пен Ұлттық банк зейнетақы жүйесін одан әрі дамыту тұжырымдамасын әзірлеп жатыр.

"Оны іс жүзінде жүзеге асыру сапалы заңнаманы талап ететіні анық", - деді Тоқаев.

Тоқаев: Басты мақсат – халықтың тұрмысын жақсарту

Айта кетейік, бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев VII шақырылған парламенттің алғашқы сессиясына қатысты.

10 қаңтарда Қазақстанда мәжіліс пен мәслихаттар депутаттарын сайлау өтті. Орталық сайлау комиссиясының мәліметіне сәйкес, парламенттің төменгі палатасына үш партия өтті: Nur Otan, "Ақ жол" және Қазақстан халық партиясы.

Сондай-ақ, мәжіліс депутаттарының қатарына Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері де енді.