Саясат

Президент мәжіліске өтпеген саяси күштер туралы пікір білдірді

Президенттің айтуынша, сайлауға қатысқан кейбір партиялардың мәжіліс пен мәслихатқа өтуге сәл ғана дауыс жетпей қалды
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 15 қаңтар – Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев парламент мәжілісіне өтпеген саяси партиялардың өкілдеріне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Саяси жүйені орнықтырып, шешім қабылдау үдерісіне азаматтардың ықпал етуін күшейте түсу үшін тың серпін керек. Бұл бағытта реформалардың екінші бөлігін әзірлеу барысында ауқымды жұмыстар атқарылды. Онда барлық партиялардың, соның ішінде парламентке өтпей қалған саяси күштердің де ұсыныстары ескерілді және болашақта да назарымызда болады", – деді Тоқаев VII шақырылымдағы парламент сессиясында.

Президенттің айтуынша, сайлауға қатысқан кейбір партиялардың мәжіліс пен мәслихатқа өтуге сәл ғана дауыс жетпей қалды. Ал осы саяси ұйымдардың қатарында осы саланы жақсы меңгерген білімді әрі білікті мамандар бар.

"Солар парламенттің биік мінберінен айтуға тиіс көптеген өзекті мәселелерді дер кезінде әрі орынды көтеріп жүр. Осындай партиялардың өкілдері парламентке өтсе, ондағы пікірталасты қыздыра түсер еді. Ортақ жұмысқа тиімді болар еді. Олар заң шығару жұмысының сапасын арттыруға да сүбелі үлес қосары анық", – деп атап көрсетті мемлекет басшысы.

Айта кетейік, бүгінгі сессияда президент саяси партиялардың мәжіліске өту шегін 5 процентке дейін төмендетуді ұсынды.

Оқи отырыңыз: Бұл сайлау бұрынғыдан өзгерек – "Адал" партиясының төрағасы

Мемлекет басшысының айтуынша, осындай шешім қабылдайтын уақыт келді. Бұл норма заң жүзінде тіркелген партияларды алдағы сайлауларға қатысуға ынталандырады және елдегі саяси бәсекенің дамуына септігін тигізеді. Халықтың пікірі де барынша ескеріледі.