НҰР-СҰЛТАН, 10 қаңтар – Sputnik. "Адал" партиясының төрағасы Серік Сұлтанғали елордадағы №115 сайлау учаскесінде дауыс берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Сұлтанғали таңдауын жасағаннан кейін тілшілерге сұхбат беріп, биылғы сайлаудың ерекшелігін атап өтті.
"Бұл сайлау бұрынғыдан өзгерек. Халқымыздың саяси деңгейі көтеріліп келеді. Ал біз бұл жолы жастарға жол бердік. Әрине, жасына ғана қарамай, біліміне, кәсіпкерлік тәжірибесіне баса назар аударылды. Сондықтан бұл сөз сөйлейтін партия ғана емес, жас болса да, ауыл шаруашылығы, бизнес, ақпараттық технологиялар саласын қамтиды. Партия өкілдері орта бизнесті қалай көтеру керектігін жан-жақты түсіндіріп, халықтың көңілінен шықты деп ойлаймын", - деді Сұлтанғали.
Оқи отырыңыз: Нұр-Сұлтанда сайлау учаскелерінің бірінде оқыс жағдай болды
Партия төрағасы сайлаудан не күтетінін және жаңа мәжілістің алдында қандай мәселелердің тұрғанын да айтты.
"Негізгі мәселелерді бір қолдың саусағымен санап шығуға болады ғой. Олар – жұмыс орындары, жалақы, бизнес және зейнетақы. Қалай болса да, бұл үлкен болашағы бар сайлау болайын деп тұр. Себебі білімді әрі тәжірибелі жастар көп. Олар өз уәдесін орындайды", - деп түйіндеді Сұлтанғали.