НҰР-СҰЛТАН, 14 қаңтар – Sputnik. Ақтөбеде өткен жылдың 28 мамырында хромды қосылыстар зауытында болған төтенше жағдайға байланысты сот отырысы аяқталды, деп хабарлайды "Мой город" порталы.
Былтыр аталған зауыттың №4 цехында төрт жұмысшы оқиға орнында, ал тағы бірі ауруханада қаза тапқан. Көлемі 50 текше метрді құрайтын химиялық заттарды араластыруға арналған орынды тазалау кезінде оларға ыстық бу шашырап, термиялық күйік шалған.
Полиция Қылмыстық кодекстің 156-бабы – "Еңбекті қорғау қағидаларын бұзу салдарынан екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан іс-әрекет" бойынша қылмыстық іс қозғады. Көп ұзамай учаске маманы мен бөлім басшысы және №4 цех басшысы қамауға алынды.
Арнайы құрылған комиссия қайғылы оқиғада зауыт кінәсі – 80%, ал жұмысшылардыкі – 20%-ті құрайтыны туралы шешім шығарды.
Сот оқыс жағдайда зардап шеккендердің өрескел қателігі туралы айтты. Нақтылай түссек, цехтың жауапты маманы Бисембиннің технологиялық процесс іске қосылғанын, іштегі механимзмдер жұмыс істеп жатқанын біле тұра сыйымдылыққа түсер кезде жұмысшыларды құтқару белбеуімен қамтамасыз етпеген. Сондай-ақ, жұмыс істеп тұрған аппаратқа фильтрлеу аппаратшысының түсуі туралы заңсыз бұйрық бергені де себепші болып отыр. Жоғары температура мен ыстық будың әсерінен зардап шеккендер, соның ішінде, Бисембіннің өзі де көз жұмды. Тағы бір жұмысшы денсаулығын жоғалтты.
Оқи отырыңыз: Ақтөбе облысында дау тудырған шошқа фермасының иесі тұрғындарға жауап берді
13 қаңтар күні үш сотталушы да қылмыстық құқық бұзушылық фактісінің жоқтығына байланысты ақталды. Оларға қылмыстық жауапкершілікке заңсыз тартумен келтірілген шығынды өтеу бойынша шағымдана алатыны ескертілді.
Барлық айыптаушылар сот залынан босатылды.
Айта кетейік, бұған дейін кәсіпорын көз жұмған жұмысшылардың отбасына 23 миллион теңге көлемінде көмек көрсеткен. Төтенше жағдайдан кейін зауыт күрделі жөндеу жұмыстарына жабылды.