НҰР-СҰЛТАН, 24 қараша - Sputnik. Бестамақтағы шошқа фермасының иесі Гайк Тертерян мал шаруашылығы кешені төңірегіндегі дауға қатысты пікір білдірді.
Ол жоғары деңгейде талап қойылса, кешенді жабуға дайын екенін айтты, деп хабарлайды КТК телеарнасы.
"Егер үкімет шешім қабылдаса, біз ферманы жабамыз. Бірақ бұл тез арада шешілетін нәрсе емес. Шошқа саны көп. Біздің әлі екі жылымыз бар. Кредит төлеуіміз керек", - деді ол.
Кәсіпкер аудан бюджетіне жүздеген миллион теңге салық төлеп отырғанын жеткізді. Сол ақша мектептер, мешіттер жұмысына жұмсалып, бюджеттік саладағы қызметкерлерге жалақы төленеді деп отыр.
Гайк Тертерян отбасылық жағдайға байланысты қазір Арменияда екенін айтты. Ол елдегі әскери жағдай салдарынан Ақтөбеге орала алмай отыр. Алайда жанжал туралы естігенін жеткізді.
Ол тұрғындар бірнеше жылдан кейін ауылда тәртіп орнатуға кіріскеніне таңғалған. Шошқаларды санитарлық нормаларға сай ұстайтынын дәлелдеуге дайын.