Қоғам

Қазақстанда автокөлік бағасы неліктен шарықтап кеткені белгілі болды

2020 жылы танымал жаңа көліктерге сұраныс көп болды. Ал өндірушілер көп шығара алмады, дейді сарапшылар
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 13 қаңтар – Sputnik. Қазақстан автомобиль саласы кәсіпорындары одағының мәліметінше өткен жылмен салыстырғанда биыл елде көлік бағасы 17 пайызға шарықтаған. Ал соңғы бес жылда баға екі есеге өскен, деп хабарлады Almaty.tv.

Жүргізушілердің айтуынша, бағаның қымбаттауына өзге елден көліктің кірмеуі себеп болып отыр. Сондықтан ел ішінде жүрген ескі көліктер бағасы жыл санап артып жатыр деген пікірде.

Оқи отырыңыз: Азық-түлік бағасы тағы да қымбаттап жатыр 

2014 жылғы "Приора Люкс" жабдықтамасының орташа бағасы 2018 жылы 1 500 000 - 1 700 000 болса, биыл бұл көлікті 2 жарым миллион теңгенің шамасында аласыз.

Ал Мерседес Е класс бұрын 2 миллионға бағаланса, қазір тіпті 3,5 миллион теңгеге дейін кездестіруге болады. Камри 50 көлігі 2018 жылы 5 миллионнан басталса, қазір 8 миллион теңгеге дейін сатылымда тұр.

"Жаңа көліктен бастасақ, 2020 жылы танымал көліктерге сұраныс көп болды. Ал өндірушілер көп шығара алмады. Сондықтан қымбаттады. Қолданыстағы көліктер бағасының қымбаттауына да осы себеп. Жаңа көліктер шықпағасын қолда тұрған көліктердің үстіне баға қосып сатты және биыл әлемде металл қымбаттады", – деді автосарапшы Олжас Оқас.

Оның айтуынша, Ресейде коммерциялық көліктер қымбаттаған. Бұрын долларменмен сатылған көліктер өз бағасын ұстап тұр.

"Ал теңгемен сатылған көліктердің бағасы валюта қымбаттағасын өсіп кетті", – дейді сарапшы.

Мамандар шарықтаған бағаны түсіру үшін утилизация алымын төмендету керек деп санайды. Әзірге бұл мәселе де көңіл көншітерліктей емес. Себебі шет елден әкелінетін қозғалтқыш көлемі 2.5 литрлік көліктің құжатына 1 325 000 теңге сарп ету керек. Ал 3,5-ке 3,5 миллион теңге төлеуге тура келеді. Сондықтан жұрт қазір қымбат та болса, ел ішіндегі көліктерді місе тұтуға мәжбүр.