Қоғам

Азық-түлік бағасы тағы да қымбаттап жатыр

© Sputnik / Абзал КалиевПосетители закупаются продуктами перед "карантинными выходными" в торговой сети
Посетители закупаются продуктами перед карантинными выходными в торговой сети - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Биыл коронавирус пандемиясы басталғанда азық-түлік бағасы рекордтық көрсеткішке өскен. Ресми мәліметке сәйкес, төтенше жағдай кезінде әлеуметтік маңызы бар тауар бағасы 4,1 процентке көтерілді

НҰР-СҰЛТАН, 19 желтоқсан – Sputnik. Доллар бағамы біршама төмендесе де, халық тарапынан жоғары сұранысқа ие тауарлар тағы қымбаттап кетті. Сонда үкімет қолға алған шаралары тиімсіз болды ма? Жоқ, әлде, атқарушы билік өкілдері, яғни, әкімдер жүктелген міндетті дұрыс атқармай отыр ма? Атқамінерлер кімді ойлап отыр? Sputnik Қазақстан тілшісі осы мәселені зерделеп көрді. 

Ресми мәліметке сәйкес, биыл төтенше жағдай кезінде әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің бағасы 4,1 процентке көтерілген. Әсіресе, 17-24 наурыз аралығында, яғни төтенше жағдай енгізілген алғашқы аптада бағалар рекордтық 1,7 процентке өскен. Шыны керек, сол кезде халықтың дүрлігіп кеткені сонша, дүкен сөрелерінде жиі тұтынатын тауарлар қалмады, адамдар азық-түлікті артығымен алды. Содан тапшылық туындады.

Ал сұраныс шарықтап тұрғанда ұсыныс аз болса, баға көтерілетіні белгілі. Нарықтың басты заңдылығы іске асты. Әрине, ондайда кәсіпкерлердің жауапкершілігін де ұмытпау қажет. Өйткені осы жағдайдан пайда тапқысы келгендер де аз болмады.

Ал үкімет не істеді? Олар бағаны тұрақтандыру мақсатында ұн, нан, түтік кеспе, қарақұмық жармасы, күріш, күнбағыс майы, сиыр еті, жұмыртқа мен тұз сияқты әлеуметтік маңызы бар тауарларға шекті бағаны енгізді. Бұдан бөлек, қарақұмық, қант, картоп, пияз, күнбағыс тұқымы, күнбағыс майы мен қарақұмық жармасын сыртқа шығаруға тыйым салынды. Ал сәбіз, репа, қызылша, қырыққабат, бидай ұны және жұмсақ бидай бойынша ай сайынғы квота белгіленген болатын.

Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановтың айтуынша, қолға алынған шаралардың арқасында баға өсімі тоқтатылдф. Алайда ағымдағы жылдың төртінші тоқсанында тағы баға өсімі тіркелді. Атап айтқанда, қазан айында азық-түлік бағасы 2,8 процентке көтерілсе, қарашада 2,3 проценттік өсім болды.

Жалпы, биыл әлеуметтік маңызы бар тауарлардың жартысы 10 проценттен 30 процентке дейін қымбаттаған. Мәселен, қант пен қарақұмық жармасы сияқты импортқа тәуелді тауарлардың бағасы 33,6-34,6 процентке көтерілді. Оған әлемдік бағаның өсуі ғана емес, ұлттық валютамыздың құнсыздануы әсер еткен. Бүгінде осы тауарлар, көбінесе, Ресейден импортталады. Күнбағыс майы (53,8%) мен картоп (46,1%) та қымбаттады. Ал құс тұмауынан біраз тауық қырылғанынан кейін жұмыртқаның бағасы өсіп кетті.

"Аталған бес тауарға баға өсімі азық-түлік инфляциясының жалпы мөлшерінде маңызды рөл атқарды. Оларды есепке алмағанда бағаның жалпы өсімі ағымдағы 9,6 проценттің орнына шамамен 2 процентті құрайтын еді", - дейді Сұлтанов. 

Бір қызығы, жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің бағасы 9,6 процентке өссе, өткен жылы бұл көрсеткіш 10,2 процент болған. Демек, пандемияға дейінгі өсім 0,6 процентке артық болып тұр...

Бүгінде заң бойынша халық тарапынан жоғары сұранысқа ие тауарлардың бағасына әкімдіктер де жауапты. Жергілікті билік шекті бағаларды енгізе алады. Кәсіпкерлер одан жоғары қоюға болмайды. Дегенмен, биыл  Қызылорда облысы мен Алматы қаласының әкімдіктерінен басқа осы тетікті ешкім пайдаланған жоқ.

Атқамінерлер сөгіс алса да, тиісті қорытынды жасауға асықпайтын сияқты.

"Өткен жылы бағаны тұрақтандыру бойынша тиісті шаралар қабылдамағаны үшін жеті облыс әкімдерінің орынбасарларына сөгіс жарияланған болатын. Алайда одан нәтиже шықпаған тәрізді. Оны үкіметтегілер де ашық айтып отыр. Мәселен, өткен жылы Ақтөбе облысында шекті мәндердің асып түсуінің 5 фактісі тіркелген, биыл да аталған көрсеткіш өзгермеді", - дейді мамандар.  

Ал Павлодар және Түркістан облыстарында шекті бағаның асып түсу санының көп болғанына қарамастан, әкімдіктер шекті бағаның енгізген де жоқ. Жалпы, жыл басынан бері бағаның ең жоғары өсімі Нұр-Сұлтан қаласында (15,6%), Павлодар (15,4%) мен Атырау облыстарында (12,9%) тіркелген.

Азық-түлік бағасын ұстап тұрудың тағы бір тетігі – өңірлік тұрақтандыру қорлары. Оны да әкімдер дұрыс пайдаланып жатқан жоқ. Тәртіп бойынша жергілікті билік осы қорларды әлеуметтік маңызы бар азық-түлікпен толтырып отыруы тиіс. Ал баға көтерілген кезде нарыққа қордың "запастарын" шығаруы шарт. Сонда тапшылық болмайды, азық-түліктің бағасы да көтерілмейді.

Мәселен, Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында, сондай-ақ, Атырау мен Ақмола облыстарында тұрақтандыру қорларын жыл басынан бері толықтырылмаған. Ал Солтүстік Қазақстан мен Қостанай облыстарында тұрақтандыру қорларын толтыру жағын дұрыс жоспарламады. Олар қантты көбірек алудың орнына бағасы тұрақты тұрған ұнды көп көлемде сатып алыпты. 

Тағы оқыңыз: Министр қымбаттап кеткен тауарларды атады

Азық-түлік бағасын тұрақтандыру шаралары онымен шектелмейді. Елімізде "айналым схемасы" деген механизм бар. Оны да әкімдіктер іске асырады. Оған сәйкес, ірі сауда желілеріне жеңілдікпен кредит беріледі. Олар өз кезегінде әлеуметтік маңызы бар тауарлардың шекті бағасын ұстап тұруға міндетті. Өкінішке қарай, жергілікті билік дәл осы тетікті де тиімді пайдаланып отырған жоқ.

Министр Сұлтановтың айтуынша, биыл Алматы қаласы ғана "айналым схемасын" дұрыс іске асыра білді. Соның аясында 7 миллиард теңге бөлінді, нәтижесінде қаладағы бағаның өсуі елдегі ең төменгі деңгейде (8,6%) болды. Жалпы, биыл республика бойынша осы мақсатта бар-жоғы 14,2 миллиард теңге ғана бөлінген болатын. Төрт облыста қаражаттың көлемі мардымсыз болса, Шығыс Қазақстанда ақша мүлдем бөлінген жоқ. Ал кейбір өңірлерде жоспар құру жағы әлсіз. Мысалы, Солтүстік Қазақстан облысында күріш сатып алуға 50 миллион теңге бөлінді. Алайда, күріш емес, жұмыртқа, қарақұмық жармасы және қант қымбаттап кеткен.

Сонымен, әкімдердің қолында азық-түлік бағасын ұстап тұруға қажетті біраз механизм бар. Бірақ оны дұрыс пайдалану жағы күмән тудырып отыр. Пандемия кезінде шенеуніктер халықты емес, бизнесті көбірек ойлап кетпесе болғаны...

Жаңалықтар
0