Өңірлер

Көлікті қасақана соққан шымкенттік ақсақалға қандай жаза кесілгені белгілі болды

Жол қозғалысы ережесін өрескел бұзған жүргізуші 8 АЕК көлемінде айыппұл төлейді. Сондай-ақ, ол бір жарым жылға көлік жүргізу құқығынан айырылды
Sputnik

АЛМАТЫ, 12 қаңтар – Sputnik. Түркістан облысында қымбат джип мініп, жолдың қарсы бетіне шыққан ақсақалға қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Түркістан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 8 айлық есептік көрсеткіш немесе 23 мың теңге айыппұл (1 АЕК – 2 917 теңге) салынды. Сондай-ақ, ер адам бір жарым жылға жүргізуші куәлігінен айырылды.  

"Жол-көлік оқиғасына кінәлі егде жастағы жүргізуші "Лада" көлігі жүргізушісінің материалдық шығынын өтегенін ескере отырып, Түркістан облысының Келес аудандық соты құқық бұзушыға 8 АЕК есебінде айыппұл салып, бір жарым жылға дейін автокөлік жүргізу құқығынан айырды", - делінген ақпаратта.

Айта кетейік, 11 қаңтарда әлеуметтік желіде Chevrolet маркалы жол талғамайтын көлік мінген ақсақалдың жолдың қарсы бетіне шығып кеткен видеосы тарады. Оған бетпе-бет келген Lada жүргізушісі тоқтап, жол ережесін бұзған зейнеткерді ұялы телефонына түсірген.

"Сіз менің машинамды неге соғып жатырсыз?", деп сұрайды ер адам. Ал ақсақал алған бетінен қайтпайтынын ашық айтады.

"Ал анауыңды, үстінен өтіп кетемін қазір. Сосын төлей саламын. Саған жаңа көлік алып беремін", - дейді ол.

Lada жүргізушісі бұл "ұсынысқа" келіседі. Осы кезде ақсақал алға қарай жүріп, жеңіл көлікті жолдың жиегіне итеріп тастайды. "Көрдің бе? Мен саған қайтпаймын дедім ғой. Ал енді бұдан кейін ақылды боласың!", деп кете береді.

Тексеру барысында оқиға Келес ауданында болғаны анықталды.

Түркістан облысы полиция департаментінің хабарлауынша, Chevrolet жүргізушісіне қатысты полицейлер әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 4 бірдей бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырды. Материалдар Келес ауданының сотына жіберілді.

Содан кейін полиция ақсақалдың кешірім сұраған видеосын жариялады.