НҰР-СҰЛТАН, 10 қаңтар – Sputnik. Алматы облысының 110 жастағы тұрғыны Алтынхан Белдеубайқызы сайлау науқанында дауыс беріп белсенділік танытты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
1910 жылы туған Алтынхан апа бүгінгі таңда Сарқан қаласында тұрады. Өмір бойы мал шаруашылығы саласында еңбек еткен оның 3 баласы, 8 немересі, 16 шөбересі мен 2 шөшегі бар.
Жасының ұлғайғанына қарамастан сайлауға қатысуға ынталы екенін білдірген кейуана үйде дауыс беру туралы шешім қабылдады. Арнайы комиссия өкілдері әженің тұрғылықты жеріне қажетті бюллетень мен шыны жәшікті алып келді.
"Елдің болашағы туралы сөз қозғалғанда халық біртұтас болғаны жөн. Біз өз тәуелсіздігімізді бағалап, қорғауымыз керек. Ғасыран асқан жасыма қарамай мен сайлауға қатысуды жалғастырамын. Бұл әрқайсымыздың азаматтық борышымыз", – деді Алтынхан Белдеубайқызы.
Дауыс беру шарасынан кейін өңірдің ең қарт тұрғыны жерлестеріне бата берді.
Оқи отырыңыз: Сайлау комиссияларының 1,5 мыңға жуық мүшесі жұмыстан шеттетілді
Айта кетейік, Сарқан ауданы әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, аймақта 28 мың сайлаушы тіркелген.