Экономика

Тоқаев Сұлтановқа бірқатар тапсырма берді

Президент сауда министріне ұлттық тауар өткізу жүйесін құру, нарықты отандық өніммен толықтыру үшін жағдай жасау жұмыстарын сапалы әрі жедел атқаруды тапсырды
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 6 қаңтар – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановты қабылдады, деп хабарлайды Ақорда.

Тоқаевқа өткен жылғы сауда жүйесінің даму қорытындылары, оның ішінде, сыртқы және ішкі сауданы кеңейту жөнінде қабылданған шаралар жайлы баяндалды.

Кездесу барысында жағымсыз өзгерістерге қарамастан, Қазақстанның шикізаттық емес экспортының оң динамикасын сақтап қалғаны айтылды. Президент қазақстандық өнімнің экспортқа шығару нарығын кеңейтудің және оның бәсекеге қабілеттілігін арттырудың маңыздылығын атап өтті.

Биыл Қазақстан Еуразиялық экономикалық одаққа төрағалық етеді. Осы ретте республика еуразиялық интеграцияны дамытуға, сауда кедергілерін жоюға және тауарлар мен қызметтердің еркін айналымын қамтамасыз етуге баса мән беріп отыр.

Тағы оқыңыз: Депутаттар қазақ-қытай шекарасындағы жағдайға алаңдаушылық білдірді

Ішкі сауда саласына қатысты Қасым-Жомарт Тоқаев Бақыт Сұлтановқа ұлттық тауар өткізу жүйесін құру, нарықты отандық өніммен толықтыру үшін жағдай жасау және аталған сектордың орнықты дамуын қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстарды сапалы әрі жедел атқаруды міндеттеді. Жүйе Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Ресейдегі көтерме-тарату орталықтары желісінен тұратын еуразиялық тауар өткізу желісінің негізі болуы тиіс.

Мемлекет басшысы министрге отандық өнімді шығаратын нарықтарды кеңейту мақсатында Еуразиялық экономикалық одақ аясында және үшінші елдермен кооперациялық жобаларға қатысу үшін Қазақстанның сауда-логистикалық әлеуетін нығайту жөнінде шаралар қабылдауды тапсырды.