Елорда тынысы

Нұр-Сұлтанда қатты аязға байланысты кейбір автобустар тоқтады

Тек елорда маңында ғана емес, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарында тас жолдарда қозғалыс шектелді
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 3 қаңтар – Sputnik. Нұр-Сұлтанда қатты аязға байланысты қала маңына қатынайтын бағдарлардың қозғалысы уақытша тоқтатылды. Бұл туралы City Transportation Systems көлік компаниясы Facebook-тегі парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.

"Ауа райының қолайсыздығына (қатты аяз -30... – 38 градус) байланысты қала маңына қатынайтын №№ 305, 308, 309, 310, 312, 315, 316, 317 бағдарларының қозғалысы уақытша тоқтатылды", - делінген хабарламада.

Қала маңына қатынайтын қалған бағдарлар линияда.

Бұған дейін аязға байланысты Нұр-Сұлтаннан барлық бағыт бойынша шығуға шектеу қойылған еді. Шектеу 2 қаңтардан республикалық маңыздағы автожолдардың бағыттары бойынша енгізілді.

Қазақстанда қандай тас жолдар жабық

Екінші қаңтарда Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарында тас жолдарда қозғалыс шектелді.

Тағы оқыңыз: Бірқатар облыста жолдар жабылатыны хабарланды

Бұл өңірлерде ауа температурасы минус 35-38 градусқа дейін барады. Сол себепті тұрғындар алыс сапарға шықпағаны абзал. Қатты аяздан көлік бұзылып, адамдар жолда қалып қоюы мүмкін.  

Әсіресе, бұл дизель отынын пайдаланатын, жолаушылар тасымалымен айналысатын көлік жүргізушілеріне қатысты.