Қоғам

Сарапшы банк қызметкерін телефон алаяғынан қалай ажыратуға болатынын айтты

Банк қызметкері қандай да бір жеке деректі айтуды сұрамайды. Сонымен қатар басқа шотқа ақша аударуды ұсынбайды
Sputnik

АЛМАТЫ, 30 желтоқсан – Sputnik. Кейінгі кезде банктің қауіпсіздік қызметінде жұмыс істейтін адамның атын жамылып, қаржыны жымқыру үшін қоңырау шалатындар көбейді. Ресейлік "Крок" IT-компаниясының жетекші сарапшысы Евгений Дружинин РИА Новостиге телефон алаяғын банк қызметкерінен оңай ажыратуға болатынын айтты.

"Ең алдымен, банктегі шотқа қатысты кез келген қоңырауға сақтықпен қарау қажет. Банктің қауіпсіздік қызметі әдетте алдын ала әрекет етеді: транзакция бірден бұғатталады, ал ол туралы хабарлама ең алдымен қосымша арқылы келеді", - деді Дружинин.

Айтуынша, банк қызметкері қандай да бір жеке деректі айтуды сұрамайды. Сонымен қатар басқа шотқа ақша аударуды ұсынбайды.

Оқи отырыңыз: Петропавлдық бірер минут ішінде депозитіндегі қомақты қаржыдан қағылды 

"Яғни, банк қызметкерлері хабарласып, ешқашан ештеңе талап етпейді және ұсынбайды", - дейді сарапшы.

Дружининнің айтуынша, алаяқтықпен күресу шараларының бірі ретінде қазір банктен видео арқылы қоңырау шалу ұсынысы талқыланып жатыр.