Қоғам

Қытай азаматтары COVID таратты деген ақпарат жарияланды – министрлік не дейді   

Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті Теңіз кен орнынан шыққан коронавирус індеті Атырауға тарады және оны Қытай азаматтары тасымалдады деген хабарламаға түсініктеме берді
Sputnik

АЛМАТЫ, 29 желтоқсан – Sputnik. Бір күн бұрын әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде Теңізден шыққан коронавирус эпидемиясы қалаға тарады деген хабарлама пайда болды. Онда тасымалдаушы Қытай азаматтары болғаны айтылған. Денсаулық сақтау министрлігі санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі Ержан Байтанаев бұл ақпаратты жоққа шығарды.  

"Бұл ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Бүгінгі күні Қытай Халық Республикасының азаматтары мен қытай компаниялары Теңіз кен орнында тіркелмеген", - деп түсіндірді ол.

Жалпы, пандемия басталғалы бері Атырау облысында 11 633 адам коронавирус жұқтырды, оның 4 042-сі Теңіз кен орнында анықталды. Сонымен қатар аурудың 60% -і профилактикалық тексеру кезінде анықталды.

Байтанаев коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу мақсатында Теңіз кен орнында жедел штаб құрылып, карантиндік шектеулер күшейтілгенін еске салды. Теңіз кен орнына блок бекеттер қойылды.

Оқи отырыңыз: Әлемді әбігерге салған індет: қазақстандықтар неге вирустың барына сенбеді? 

Қызметкерлер вахтаға келгеннен кейін карантиндік стационарға бір аптаға орналастырылып, COVID-19 індетіне қарсы ПТР тестілеуден өткізіледі. Сонымен қатар, вахтадан шыққанға дейін бес күн бұрын ПТР тестілеу жүргізіледі.

Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті қазақстандықтарды ақпаратты ресми дереккөздерден ғана алуға шақырды.

Сондай-ақ, ведомство қасақана жалған ақпарат таратқандар Қазақстан Қылмыстық кодексінің 274-бабына сәйкес қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын еске салды. Бұл бапта мыңнан бес мың АЕК-ке дейін айыппұл (2,7-13,8 миллион теңге ) немесе жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.