АЛМАТЫ, 29 желтоқсан – Sputnik. Бір күн бұрын әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде Теңізден шыққан коронавирус эпидемиясы қалаға тарады деген хабарлама пайда болды. Онда тасымалдаушы Қытай азаматтары болғаны айтылған. Денсаулық сақтау министрлігі санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі Ержан Байтанаев бұл ақпаратты жоққа шығарды.
"Бұл ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Бүгінгі күні Қытай Халық Республикасының азаматтары мен қытай компаниялары Теңіз кен орнында тіркелмеген", - деп түсіндірді ол.
Жалпы, пандемия басталғалы бері Атырау облысында 11 633 адам коронавирус жұқтырды, оның 4 042-сі Теңіз кен орнында анықталды. Сонымен қатар аурудың 60% -і профилактикалық тексеру кезінде анықталды.
Байтанаев коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу мақсатында Теңіз кен орнында жедел штаб құрылып, карантиндік шектеулер күшейтілгенін еске салды. Теңіз кен орнына блок бекеттер қойылды.
Оқи отырыңыз: Әлемді әбігерге салған індет: қазақстандықтар неге вирустың барына сенбеді?
Қызметкерлер вахтаға келгеннен кейін карантиндік стационарға бір аптаға орналастырылып, COVID-19 індетіне қарсы ПТР тестілеуден өткізіледі. Сонымен қатар, вахтадан шыққанға дейін бес күн бұрын ПТР тестілеу жүргізіледі.
Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті қазақстандықтарды ақпаратты ресми дереккөздерден ғана алуға шақырды.
Сондай-ақ, ведомство қасақана жалған ақпарат таратқандар Қазақстан Қылмыстық кодексінің 274-бабына сәйкес қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын еске салды. Бұл бапта мыңнан бес мың АЕК-ке дейін айыппұл (2,7-13,8 миллион теңге ) немесе жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.