Оқиға

Нұр-Сұлтанда автобус бағанға соғылды: алты адам жарақат алды

Жолаушылар автобусы шетелдік автокөлікпен соқтығысып, содан кейін бағанға соғылған. Оқиға орнынан алты адам – жолаушылар мен жеңіл көлік жүргізушісі ауруханаға жеткізілді
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 29 желтоқсан – Sputnik. Нұр-Сұлтандағы Тәуелсіздік даңғылында жолаушылар автобусы жол апатына ұшырады. Алты адам жарақат алды, деп хабарлады елордалық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Құқық қорғау органдарының мәліметінше, Volkswagen Polo көлігін жүргізіп келе жатқан 47 жастағы әйел бір жолдан екінші жолға ауысқан кезде жол қозғалысы қауіпсіз екеніне көз жеткізбеген.

Салдарынан ол жолаушылар автобусымен соқтығысқан, содан кейін автобус көшені жарықтандыру бағанына соғылды.

Автобустың бес жолаушысы мен шетелдік көліктің жүргізушісі ауруханаға жеткізілді. Оларды тексергеннен кейін үйлеріне жіберді. Қазіргі таңда тәртіп сақшылары мән-жайды анықтап жатыр.

Елорда полициясы жүргізушілерден қозғалыс кезінде мүмкіндігінше сақ болуды, жылдамдық режимін, қауіпсіз қашықтықты және маневр жасау ережесін қатаң сақтауды сұрайды.