Қоғам

Сенатор тағы бір министрлік құруды ұсынды

Бүгінде білім және ғылым министрлігі бала-бақшадан бастап жоғарғы білімнен кейінгі білімге дейінгі барлық проблемамен шұғылданады
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 29 желтоқсан – Sputnik. Сенатор Мұрат Бақтиярұлы білім және ғылым министрлігін екіге бөлек мемлекеттік органға бөлуді ұсынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Еліміздегі білім беру жүйесі үздіксіз реформаланып, түрлі тәжірибелер көп жүргізіліп келе жатқан салалардың бірі. Күні бүгінге дейін жүргізіліп жатқан толассыз реформалар отандық білім берудің сапасын жаңа деңгейге көтере алды ма? Барлық мектептерімізде кезінде біздің ұрпақтың түсіне де кірмеген компьютерлер мен интерактивті тақталармен жабдықталғанымен ұрпақтарымыздың білім деңгейлері өсті ме?", – деді Бақтиярұлы сенаттың жалпы отырысында.

Осы орайда сенатор БҰҰ-ның "Жаһандық баяндамасында" балаларды орта біліммен қамту жағынан Қазақстан әлемдегі 142 мемлекеттің арасында 18-ші орынды иеленгенімен, білімнің сапалық деңгейі бойынша 101-ші орында тұрғанын еске алды. Бұл – төмен көрсеткіш.

"Үш тілді білім беруге 13 млрд бөліп, 93-ші орыннан көріндік"

Бұдан бөлек, 2015-2020 жылдар аралығында үш тілді білім беруді дамытудың жол картасы қолға алынған болатын. Оған бюджеттен 13 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Республика бойынша 16 588 мектеп мұғалімдері ағылшын тілін меңгерді деген сертификат алды. Алайда осы мақсатта қыруар қаржы бөлінсе де, 2019 жылы ағылшын тілін меңгеруге қатысты халықаралық рейтингіде Қазақстан 100 елдің арасында 93-ші орыннан ғана көрінді.

"Бізден кейін Камбоджа, Ирак пен Ливия сияқты елдер тұр. Мұны қалай түсінуге болады? Ал Еуразиялық экономикалық комиссияның "Білім – санмен, ЕАЭО – статистикасы" деген 2019 жылғы қорытындысында студенттердің "экспортық" саны бойынша Қазақстан 67 процент алған. Бұл Ресей, Қырғызстан, Армения, Беларусьтің жалпы есебінен жоғары. Неге бұлай болды? Сұрақ көп, жауап жоқ", – деп атап көрсетті Бақтиярұлы.

"Ректорларды екі мерзімнен артық тағайындамау керек"

Сондай-ақ, сенатор ондаған жылдар бойы бір орнында тапжылмай отыратын ректорлар мәселесін де көтерді. Оның ойынша, мұндай жүйе нарық заманына сай емес. Ректорларды кемінде, төрт жылға тағайындап, екі мерзімнен артық қызмет атқара алмайтындай қағидат енгізу керек.

Бақтиярұлы жоғары білім саласын бөлек шығарып, арнайы министрлік құру қажет деп санайды. Себебі бүгінде білім және ғылым министрлігі бала-бақшадан бастап жоғарғы білімнен кейінгі білімге дейінгі барлық проблемамен шұғылданады.

Оқи отырыңыз: Мектептер мен балабақшалар аттестациядан өтетін болады

"Бұл – өте үлкен жүктеме. Ол еліміздің халқының жартысын қамтиды. Мұндай жүктеме басқа бірде-бір министрлікте жоқ. Сондықтан да мектепте білім беру жүйесін оңтайлы басқару тиімділігін қамтамасыз ету үшін білім және ғылым министрлігі базасында штат санын көбейтпей екі министрлік: Білім министрлігі мен Жоғары білім және ғылым министрлігін құру пісіп, жетілді деп ойлаймын", – дейді Бақтиярұлы.