Қоғам

Мектептер мен балабақшалар аттестациядан өтетін болады

Жазылу
Осы уақытқа дейін заңнамада қашықтықтан білім беру жөнінде бірегей түсінік болмаған. Енді, "қашықтықтан оқыту" ұғымы нақтыланып, оны өткізу тәртібі айқындалып отыр

НҰР-СҰЛТАН, 29 желтоқсан – Sputnik. Сенаторлар білім беру мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңды қабылдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

Сенатор Бақытжан Жұмағұловтың айтуынша, осы уақытқа дейін заңнамада қашықтықтан білім беру жөнінде бірегей түсінік болмаған. Енді, "қашықтықтан оқыту" ұғымы нақтыланып, оны өткізу тәртібі айқындалып отыр. Оқулықтар сапасына қатысты мәселені де түбегейлі шешу көзделген.

"Ол үшін білім саласындағы уәкілетті органға үлгілік оқу жоспарларын, бағдарламаларын, оқулықтарды, оқу-әдістемелік кешендерді сараптау мен сынақтан өткізу, мониторинг жүргізудің арнайы қағидасын әзірлеп, бекіту тапсырылып отыр. Бұл оқулықтардың сапалы дайындалуына, авторлардың жауапкершілігін күшейтуге мүмкіндік береді", - деді Жұмағұлов сенаттың жалпы отырысында. 

Бұдан бөлек, білім сапасын сырттай бағалау тәжірибесі де ескерілген. Осыған орай, "оқушылардың білім жетістіктерін айқындау үшін мониторинг өткізу" деген норма енгізілді. Аталған норма оқушылардың базалық білім деңгейін анықтауға мүмкіндік береді.

"Сіздердің назарларыңызды тағы бір мәселеге аударғым келеді. Қазіргі жағдайда "Кәсіпкерлік кодексіне" сай әртүрлі тексерулерге тыйым салынған. Осыған орай, білім сапасын қадағалау мақсатында барлық мектепке дейінгі ұйымдарды, мектептерді, колледждерді, бес жылда бір рет мемлекеттік аттестациядан өткізудің заңнамалық механизмі жасалып отыр", - деп атап көрсетті Жұмағұлов. 

Заң жобасында қосымша білім беруді мемлекет тарапынан қаржыландыру мәселесі де ескерілген. 

"Қазір колледждерді бітірген түлектер еңбек өтілі болмағаны үшін жұмысқа орналасуда қиындықтарға тап болып жүр. Енді, Еңбек кодексіндегі еңбек қызметін растайтын құжаттар тізіміне дуальды оқыту туралы шарт енгізіліп отыр. Осы арқылы студенттердің өндірістік оқыту мен кәсіптік практикадан өту уақыты ресми түрде еңбек өтіліне кіретін болады", - дейді Жұмағұлов. 

Сенаторлар заңды бірден екі оқылымда қарап, бірауыздан қабылдады.

Жаңалықтар
0