НҰР-СҰЛТАН, 28 желтоқсан – Sputnik. Денсаулық сақтау министрлігі Қазақстанда тараған коронавирус штаммдары туралы ақпарат таратты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Айжан Есмағамбетованың айтуынша, пандемия басталғалы бері Қазақстанда коронавирустың бірнеше штаммы тіркелді.
Ал вирустың мутациясы – бұл қалыпты процесс. Ол алдымен жануарлар арасында тарады. Одан кейін мутацияға ұшырап, адамға жұға бастады. Осы процес әлі де жалғасып келеді.
Бір жылдың ішінде коронавирус қатты мутацияға түскен. Осылайша, вирус адамның рецепторларына барынша бейімделуге тырысады. Осы уақытқа дейін Қазақстанда Германия, Ресей, Украина, Испания, АҚШ пен Қытай жерінде тараған коронавирус штаммдары анықталды.
"Қыркүйек айына дейін анықталған вирустардың ішінде Ұлыбританиядағы жаңа мутация табылмады. Қазіргі кезде зерттеу жұмыстары жалғасып, Қазақстанның түкпір-түкпірінен оң нәтижесі бар сынамалар жиналып жатыр. Сөйтіп, қараша-желтоқсан айларында анықталған вирустардың бар-жоғы белгілі болады", – деп атап көрсетті Есмағамбетова.
Айта кетейік, соңғы бір тәуліктің ішінде Қазақстанда 733 адамда коронавирус ПТР-тест арқылы расталды. Атырау облысы, Алматы қаласы мен Павлодар өңірінде ең көп жағдай тіркелген.
Жалпы пандемия басталғалы бері 152 460 адам COVID-19 жұқтырған. Олардың басым бөлігі жазылып шықты. Осы індеттен 2 259 науқас қайтыс болды.
Оқи отырыңыз: Қазақстандық ғалым коронавирус мутациясы туралы мәлімдеме жасады
Ал ковидтік пневмониядан, яғни, ПТР-тесті теріс нәтиже көрсеткен, бірақ коронавирустың анық белгілері бар аурудан 490 адам көз жұмды.