Қоғам

"42 градусқа дейін аяз болады": төрт облыста дабылды ескерту жарияланды

Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Ақмола және Шығыс Қазақстан облыстарында ауа температурасы күрт төмендейді
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 24 желтоқсан – Sputnik. Қазақстанның төрт облысында қатты аязға байланысты дабылды ескерту жарияланды, деп хабарлады төтенше жағдайлар министрлігі Қазгидрометке сілтеме жасап.

Ресми мәліметке сәйкес, 25 желтоқсанда Солтүстік Қазақстан облысында ауа температурасы 20-25 градусқа дейін күрт төмендейді, облыстың солтүгінде 30 градус аяз болады. Ал келесі күні түнде 25-30, кей жерлерде 33 градус аяз болады.

Сенбі, 26 желтоқсан күні Павлодар облысында ауа температурасы 30-35 градусқа дейін күрт төмендейді, облыстың солтүстігінде 38 градус аяз болады. Ертесінде түнгі уақытта 32-37, кей жерлерде 40 градус қатты аяз болжанып отыр.

Оқи отырыңыз: Биылғы қыс қандай болады – синоптиктер болжам жасады 

Сол сияқты Ақмола облысында 26 желтоқсанда ауа температурасы 20-25 градусқа дейін күрт төмендейді, облыстың солтүстігінде  30 градус аяз болады. 27 желтоқсанда түнде 25-30, кей жерлерде 35 градус аяз болады.

Ал Шығыс Қазақстан облысында сенбі күні ауа температурасы 30-35 градусқа дейін күрт төмендейді, аяз болады. 27 желтоқсанда 37-42 градус қатты аяз көтеріледі деген болжам бар.

Құтқарушылар ауа температурасы қатты төмендеген кезде далаға шықпауға, балалардың көшеде жүруіне жол бермеуге кеңес берді.

"Қатты аяз болған жағдайда далаға шықпаңыз, жеке автокөлікпен ешқайда  бармаңыз", - дейді құтқарушылар.

Бұдан бөлек, мамандар аязды күні далаға қолғапсыз, бас киімсіз және шарфсыз шықпау қажет деп отыр. Металдан, соның ішінде алтын мен күмістен жасалған әшекейлерді тақпаған дұрыс.  Себебі металл суық тартады. Сосын саусақтағы сақиналар қалыпты қан айналымын тежейді.