ТАЛДЫҚОРҒАН, 23 желтоқсан – Sputnik. Алматы облысында республикалық тасжолда қарақшылық жасауды кәсіп еткен рэкетирлер тобы ұсталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
23 желтоқсанда әлеуметтік желіде арнайы операцияның фотосуреті мен видеосы тарады. Полиция Жамбыл ауданындағы Самсы ауылының маңында болған қарақшылық шабуылға күдіктілерді ұстағаны белгілі болды.
Таратылған видео мен фотосуретте қылмыскерлер екі жәбірленушіні пышақпен қорқытып, 1 миллионнан астам АҚШ долларын тартып алғаны туралы ақпарат қоса берілген.
Алматы облысының полициясы ақпаратты растап, қылмыстың ашылғанын және күдіктілер қамауға алынғанын хабарлады.
"Қарақшылық шабуыл бойынша арыз Жамбыл ауданының полициясына келіп түскен. Арыз беруші белгісіз біреулер жол апатын арандатып, пышақпен қорқытып, көлігі мен ақшасын иемденіп алғанын жеткізді", - деп атап өтті Алматы облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Полиция арнайы құрылған жедел-тергеу тобы күдіктілерді анықтап, ұстағанын мәлімдеді.
Қазақстан Қылмыстық кодексінің 192-бабының 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Айғақ заттар алынып, қылмыстық іс материалдарына тіркелді.