Қоғам

"Қазақшаң қалай, шенеунік?": Қазақстанда тағы бір тест жүйесі жасалды

ҚАЗТЕСТ жалпы тілдік білімді бағаласа, жаңадан іске қосылған QazaqResmiTest ресми іскерлік тілді білу деңгейін анықтайды
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 23 желтоқсан – Sputnik. Қазақстанда мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін анықтайтын тестілеудің жаңа форматы – QazaqResmiTest іске қосылды. Ол бұған дейінгі тест жүйелерімен қатар қолданылады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Қазақстан президентінің жанындағы мемлекеттік басқару академиясының ректоры Ерлан Әбілдің айтуынша, онлайн тест ресми тілдің жазбаша және ауызша деңгейін анықтауға арналған. Ол академияға түсетін үміткерлер арасында сынақтан өткізілді. 

QazaqResmiTest-ті жекеменшік компания әзірлеп шығарды. Оның бағасы – 5 000 теңге. Алайда мемлекеттік қызметшілерді дәл осы тестен өтуге міндеттемейді. Олар ресми түрде бекітілген кез келген тесті тапсыра алады.

"Біз ешкімді міндеттемейміз. Мемлекеттік қызметші аттестациядан өткенде кез келген тесті таңдай алады. Қазір ҚАЗТЕСТ те бар. Оның бағасы шамамен 800 теңге. QazaqResmiTest-тен кейін де басқа бір жүйе шығуы мүмкін. Бұл жерде таңдау кеңейтіліп отыр. Адамдар өздері таңдайды", - деді Әбіл орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.

Осы орайда академия басшысы келесі жылы магистратура мен докторантураға түсу үшін қазақ тілінің тиісті деңгейін меңгергені туралы куәлік міндетті түрде талап етілетінін жеткізді. Бұдан бөлек, тура сондай талап президенттік кадрлық резерв үміткерлері үшін енгізу жоспарланып отыр.

Оқи отырыңыз: Министр қазақстандықтардың қанша пайызы қазақ тілін білетінін айтты 

Ал жаңа тесті әзірлеген авторлардың бірі Нәзигүл Төленбергенова QazaqResmiTest пен ҚАЗТЕСТ-тің айырмашылығын түсіндіріп берді.

"Бірнеше айырмашылық бар. Біріншіден, QazaqResmiTest ықшам және ресми іскерлік тіл аясында жасалды. ҚАЗТЕСТ жалпы тілдік білімді бағаласа, QazaqResmiTest ресми іскерлік тілді білу деңгейін анықтайды. Соның ішінде ресми мәтінді құрастыру, сұхбат кезінде сөйлесу, көпшілік алдында сөз сөйлеу, тыңдалған материалдардан өзекті мәселені бірден анықтау және сол мәселені талдау дағдылары бар", - дейді Төленбергенова.