НҰР-СҰЛТАН, 17 желтоқсан – Sputnik. Қарағанды облысында 18 желтоқсаннан бастап санитарлық бекеттерді алып тастауға шешім қабылданды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Аймақтың бас санитарлық дәрігері Юрий Зарыгин жаңа қаулыға қол қойды. Оған сәйкес, облыспен шектесетін өңірлерде сырқаттану деңгейінің төмендегенін ескере отырып, облыс айналасындағы санитарлық бекеттерді алып тастауға шешім қабылданды.
"Қарағанды облысының бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 2020 жылдың 2 қарашасындағы №41 "Бұқар жырау, Қарқаралы, Осакаров аудандарының аумағында орналасқан Қарағанды облысының сыртқы шекараларына кіруді/шығуды бақылау үшін санитарлық бекеттерді орнату туралы" қаулысының күші жойылсын", - делінген құжатта.
Тағы оқыңыз: Облыстардың бірі коронавирустың "қызыл" аймағына кірді
Жаңа қаулы 18 желтоқсан күні түнгі сағат 00:00-ден бастап заңды күшіне енеді.
Айта кетейік, биыл қараша айында Қарағанды облысында 9 санитарлық бекет орнатылған болатын. Атап айтқанда, Жезқазған мен Приозерскіде, Ұлытау, Нұра, Бұхар жырау мен Қарқаралы аудандарында, екі бекет Осакаров ауданында, сондай-ақ, Бұхар жырау ауданындағы Центральное ауылында орнатылған бір бекет бар. Ол жерде полиция мен дәрігерлер кезекшілік етеді. Олар көлік жүргізушілері мен жолаушылардың денсаулығын тексеріп, дене қызуын өлшейді, анкета толтырады.