Фото

Қош бол, 2020: коронавирустан бөлек тышқан жылы несімен есте қалды – фото

Sputnik

Коронавирус ықпалынан болған өзгерістер Жердегі барлық адамға және тіпті, ғарышқа да әсер етті. Өйткені, ғарышкерлер халықаралық ғарыш станциясына жету үшін бірнеше күнге созылған карантинге төзуге мәжбүр болды.

Пандемия қала көшелерін бос қалдырды. Есесіне, әйгілі туристік аймақтардың ауасы мен суы айтарлықтай тазарды. 

Адамдар өз үйінде оқшауланғанда жер сілкінісі, дауыл мен өрт болып, әлемді одан сайын үрей құшағында қалдырды.

Мұндай сәтте адамдар бір-бірін мүмкіндігінше қолдады. Олар "балконда" концерттер ұйымдастырып, көшеде пинг-понг ойнауды меңгерді. Балық аулау мен үй жануарларын бағып-қағуда дрондар мен басқа да әдістердің көмегіне жүгінуді үйренді.

Адам баласы бірге болу мен өз мүдделерін бірге қорғау қаншалықты маңызды екенін де сезінді.

Оқи отырыңыз: Әйгілі Түрксібке - 90 жыл: теміржол қалай салынды – тарихи фотолар

Ал сайлау өткізілген елдерде – АҚШ-тан Беларуське дейін – нәтижелерге қарсы наразылық митингілері "дәстүрге" айналды. Бір жерде қазіргі президент билікте қалса, енді бір елде басқасы келді. Ал кейбір мемлекетте ол әлі де белгісіз.

Биыл әрқайсымыз бірдеңе жоғаттық және бірдеңе таптық. Біреу қарапайым қуанышты бағалай бастады. Ал енді біреу өзін тыңдауды үйренді. Тағы біреу оқуда жетістікке жете алса, бәзбіреулер үшін бұл жыл тағдырлы кезең болды...

Өткен 2020 жыл қандай болса да, біз алғыс айта отырып қоштасамыз.

1 / 12
Түркияның Измир қаласында құтқарушылар жер сілкінісінен зардап шеккен ғимараттарды бөлшектей жүріп, үйінділер астынан төрт жасар қызды тапты: бүлдіршін ешбір жарақат алмаған. Ол үйінділер астында қалған кір жуғыш машина мен ыдыс жуғыш машина арасындағы қуыста төрт күндей тамақсыз, сусыз жатқан.
2 / 12
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Birgemiz еріктілерінің фронт-офисінің ашылуына қатысты. Қазақстанда биыл "Еріктілер жылы" деп жарияланды. Оны қорытындылаған Тоқаев биылғы жыл тек біздің ел үшін ғана емес, бүкіл әлем тарихындағы ең қиын кезеңдердің біріне айналғанын айтты. Ол он мыңдаған қазақстандықтың мейірімділігі мен жауапкершілігінің арқасында "ізгі істер" жалпыұлттық идеясы ойдағыдай іске асып, ел ынтымаққа ұйығанын атап өтті.
3 / 12
Минск қаласындағы №28 емхананың медициналық қызметкері еріктілерге COVID-19-ға қарсы ресейлік "Спутник V" препаратын салды. "Спутник V" вакцинасы Ресейде тіркелгеннен кейін Беларусь клиникалық сынақтарды бастаған алғашқы ел болды. Клиникалық сынақтар елде ғылыми орталық ретінде таңдалған сегіз медициналық мекемеде өтеді. Жүз адам Гамалея ұлттық эпидемиология және микробиология ғылыми орталығында жасалған COVID-19-ға қарсы вакцина егуге мүмкіндік алды.
4 / 12
Spacex компаниясының негізін қалаушы Илон Маск 2020 жылдың 30 мамырында Флорида штатындағы Канаверал мүйісінде Кеннеди атындағы ғарыш орталығында Crew Dragon ғарыш кемесімен бірге SpaceX компаниясының Falcon 9 зымыранының сәтті ұшырылғанына шаттанып тұр.
5 / 12
Ерлі-зайыптылар мейрамхана алдында үйлену тойының фотосессиясын жасап жатқан сәтте Бейрут жағалауында екі бірдей жарылыс болды. Палестиналық фотограф Ибрагим Хасан Китмитто түсірген кадрда қалыңдық пен күйеу жігіттің жарылыстан бірнеше секунд бұрынғы келбеті көрініс береді. Жас жұбайлар үрейге бой алдырғанымен, зардап шеккен жоқ.
6 / 12
Биыл Қазақстанның тұңғыш президенті өзінің 80 жылдығын атап өтті. Сондай-ақ, ол коронавирусты жұқтырып, оны ойдағыдай жеңді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Нұрсұлтан Назарбаевты мерейтойымен құттықтады.
7 / 12
Беларусьте наразылық акциясы төрт айдан бері тоқтаған жоқ. Оларды 9 тамызда өткен президенттік сайлау арандатты. Орталық сайлау комиссиясының мәліметі бойынша Александр Лукашенко 80,1% дауыспен алтыншы рет жеңіске жетті. Оппозиция жақтаушылары бұл нәтижелерді мойындамады және Лукашенконың сайлаудағы қарсыласы, саяси науқаннан кейін қауіпсіздігі үшін Литваға кеткен Светлана Тихановскаяны жеңімпаз деп санайды. Әлі күнге дейін Беларусьте митингілер тоқтаған жоқ.
8 / 12
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Семей қаласына жасаған жұмыс сапары "Ұлы ақын Абай ұлдарымен" ескерткішінің ашылу салтанатына қатысудан басталды. Композицияның ашылуы ұлы ақын әрі ойшыл Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына орайластырылған. Ескерткіште Абай, Ақылбай мен Тұрағұл бейнеленген. Мемлекет басшысы іс-шараға қатысушыларды Абайдың мерейтойымен құттықтай отырып, ақынның есімін ардақтау біздің ортақ парызымыз екенін атап өтті.
9 / 12
Парламент сайлауының нәтижелері жарияланғаннан кейінгі Бішкектегі тәртіпсіздіктер. Наразылық акциясына парламентке өтпеген 11 партияның жақтастары қатысты. Олар сайлау нәтижелерін жоюды және қайта дауыс беруді талап етті. Наразылық шарасы жаппай тәртіпсіздікке ұласып, полициямен қақтығыс болды. Алдын ала мәліметтер бойынша парламентке төрт қана партия өткен. Олар: "Биримдик" ("Бірлік"), "Мекенім Қырғызстан", "Қырғызстан" және "Бутун Қырғызстан".
10 / 12
"Лос-Анджелес Лейкерс" НБА клубының жұлдызы Коби Брайанттың қазасына қайғырып, күйзеліп отырған жанкүйер. "Лос-Анджелес Лейкерс" командасының бұрынғы баскетболшысы Коби Брайант Лос-Анджелес маңында тікұшақ апатынан қаза тапты. Онымен бірге оның 13 жастағы қызы Джанна және борттағы тағы жеті адам көз жұмды.
11 / 12
Айда тағы бір жалау пайда болды. Қытайдың ұлттық ғарыш басқармасы жоспарлаған Chang'e-5 ғарыш кемесі Айды зерттеу бағдарламасын толығымен аяқтады.
12 / 12
Time журналының желтоқсан айындағы санының мұқабасы.