Оқиға

Жолаушылар пойызындағы жарылыс: полиция қылмыстық іс қозғады

Қылмыскер белгілі бір лауазымдарды атқарумен қатар, үш жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 14 жеотоқсан – Sputnik. Маңғыстаудан Ақтөбе бағыт алған жолаушылар пойызындағы жарылыс пен өртке байланысты сотқа дейінгі тергеу басталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

"14 желтоқсанда "Маңғыстау–Ақтөбе" пойызының багаж вагонында өрт шығу фактісі бойынша Қылмыстық кодекстің 292-бабының 1-бөлігі "Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу" бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды", – деп хабарлады Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Бұл бап бойынша кінәлілерге 3 мың айлық есептік көрсеткішке (8,3 миллион теңге. 1 АЕК – 2 778 теңге) дейінгі айыппұл салынады немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, яки 800 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тартылады. Сол сияқты үш жылға дейін бас бостандығы шектеліп, екі жылға дейін белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айырылады. 

Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабының талаптарына сәйкес, тергеу мүдделеріне сай басқа ақпараттар жарияланбайды.

Жарылысқа не себеп болуы мүмкін

Бұған дейін "Маңғышлақ–Ақтөбе" бағытында келе жатқан пойызда жүк вагоны өртеніп кеткені хабарланды.

Өрт Маңғыстау облысы Бейнеу ауданының аумағында орналасқан №464 разъезд маңында таңғы төрттер шамасында болған.

"Апат салдарынан бес адам түрлі дәрежеде күйік алды. Пойыздың жүк вагонында бір инкассатор мен екі жолсерік, 1985 жылы туған "Қазпочтаның" бір қызметкері және оның 10 жасар ұлы болған. Жарақат алғандардың барлығы да Бейнеу аудандық ауруханасына жеткізілді. Зардап шеккендердің жағдайы тұрақты. Төтенше жағдайлар зертханасы полиция бөлімімен бірлесіп жұмыс істеп жатыр", – деп хабарлады төтенше жағдайлар министрлігінің өкілі Талғат Уәли.

Оқи отырыңыз: Қазпошта бөлімшесінен түнде өрт шықты

Айта кетейік, 10 вагоннан құралған пойызда 192 жолаушы болды. Қазіргі уақытта пойыз қозғалысы қалпына келтіріліп, ол Ақтөбеге жол тартты.

Алдын ала болжам бойынша өрттің тұтануына жарылған газ баллон себеп болуы мүмкін.

"Сыйымдылығы бес литрлік газ баллонының жарылуы өрттің шығуына себеп болуы мүмкін. Біз мұны өрт қауіпсіздігі стандарттарын бұзу деп айтқымыз келеді. Өйткені, газ баллондарын жолаушылар пойызында немесе жүк вагонында сақтауға тыйым салынады", – делінген министрлік хабарламасында.