НҰР-СҰЛТАН, 13 желтоқсан – Sputnik. Канаданың ең ірі қаласы Торонтодағы Қазақстан консулдығында "Қазақ мәдениеті мен қазақстандықтар орталығы" ашылды. Онлайн форматта өткен шара Тәуелсіздіктің 29 жылдығына орай ұйымдастырылды, деп хабарлайды сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі.
Қазақстанның Канададағы елшісі Ақылбек Камалдинов диаспораны көптен күткен қазақ мәдениеті орталығының ашылуымен құттықтап, бұл іс-шара Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығы, Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы және композитор Шәмші Қалдаяқовтың 90 жылдығы аясында өткені ерекше маңызға ие екенін атап өтті.
"Елшілік орталықты қазақ диаспорасы өкілдері мен Канаданың әртүрлі қалаларында тұратын қазақстандықтар үшін, сондай-ақ қазақ тілін үйреніп, салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарымен тереңірек танысқысы келетін канадалықтар үшін ашылып отыр", – деді дипломат.
Орталықта қазақ тілі оқытылып, келушілер ұлттық құндылықтармен танысады. Сондай-ақ, бұл жерде Канададағы отандастарымызды біріктіру мен жақындасуға бағытталған түрлі іс-шаралар өткізіледі.
Шара аясында Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген әртісі Марат Мақсұтов Абайдың әндерін шырқап, кездесу қонақтарын өз өнерімен тәнті етті.
Оқи отырыңыз: Шетелдегі қазақтар Мюнхен қаласында мешіт салмақ
Бейресми деректерде осы күндері Канададағы қазақ диаспорасының саны 12 мыңнан асатыны айтылады. Олардың көпшілігі Канаданың ірі қалалары – Торонто, Монреаль, Ванкувер, Калгари және Оттавада тұрады.