Өңірлер

Алматыда Жаңа жыл қарсаңында көшелер безендірілмейді: қаржы қайда жұмсалады

Биыл коронавирус пандемиясына байланысты Алматы әкімдігі ауқымды мерекелік іс-шаралардан бас тартты. 16 желтоқсаннан кейін былтыр пайдаланылған шыршалар орнатылады
Sputnik

АЛМАТЫ, 11 желтоқсан – Sputnik. Алматыда Жаңа жыл қарсаңында көшелер безендірілмейді, сонымен қатар қалада мерекелік отшашу болмайды. Бұл ақпаратты Sputnik Қазақстан тілшісіне мегаполистің мәдениет басқармасы растады.

Биыл Алматы қаласының әкімдігі пандемияға байланысты ауқымды мерекелік іс-шара өткізбейді. Соған қарамастан, мереке күндері мәдениет басқармасының бастамасымен 25 іс-шара ұйымдастырылады. Оның көпшілігі онлайн форматта өтеді.

"Дәстүрлі форматта ұйымдастырылған іс-шаралар барлық санитарлық норманы сақтай отырып, қаланың бас санитар дәрігерінің қаулысына сәйкес жүргізіледі", - деді ведомство.

Қаланы мерекеге орай безендіруге бөлінген негізгі қаражат жергілікті бюджетке қайтарылып, коронавируспен күреске жұмсалады.

"Коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу мақсатында әкімдіктің негізгі бюджет қаражаты індетпен күреске бағытталды, сондықтан жаңа жылда аудандар бойынша жаңа жылдық шыршаларды орнатуға және көшелерді жарықпен безендіруге ақша бөлінбеді", - деп түсіндірді ведомство.

Оқи отырыңыз: Нұр-Сұлтанда 16 желтоқсанда отшашу бола ма? 

Мәдениет басқармасы Тәуелсіздік күнінен кейін Алматының бірнеше ауданында төрт жаңа жылдық шырша орнатылатынын айтты.

"Былтырғы шыршалар 16 желтоқсаннан кейін орнатылады", - деді мәдениет басқармасы.

Сондай-ақ, оңтүстік астанада мерекелік отшашу болмайды.