Өңірлер

Көпбалалы ананың өлімі: перзентхананың үш дәрігері сотталды

Шоңжы ауылындағы орталық аурухананың босану бөліміне 35 жастағы әйел бесінші баласын туған. Бірақ көп ұзамай көз жұмған
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 10 желтоқсан – Sputnik. Алматы облысында жас босанған әйелдің өліміне жол берген үш дәрігер сотталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан облыстық полиция департаментіне сілтеме жасап.  

Тергеу материалдарына сәйкес, 2018 жылы қазан айында Ұйғыр ауданында көпбалалы әйел қайтыс болды. Шоңжы ауылындағы орталық аурухананың босану бөліміне 35 жастағы әйел бесінші баласын туған. Бірақ көп ұзамай көз жұмған. Осыдан кейін Қылмыстық кодекстің 317-бабы, 3-бөлімі –"Медицина немесе фармацевтика қызметкерiнiң кәсiптік мiндеттерiне ұқыпсыз немесе ықылассыз қарауы салдарынан абайсызда адам өлiмiне әкеп соққан іс-әрекеттер" бойынша қылмыстық іс қозғалған болатын.   

Сотқа дейінгі тергеу шараларын аға тергеуші Фархат Ілиясов жүргізді. Ол барлық жұмысты кәсіби тұрғыда дұрыс ұйымдастыра білді. Тиісті сараптамаларды өткізді. Сөйтіп, біраз еңбек етіп, дәрігерлердің кінәсін дәлелдеді. Соның негізінде барлық материал сотқа жіберілді.

Оқи отырыңыз: Тоқаев ана өлімінің көбеюіне қатысты тексеріс жүргізуді тапсырды

2020 жылы 27 шілде күні бірінші сот отырысы өткен болатын. Одан кейін аппеляциялық арыз түскен. Ал 24 қарашада Алматы облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы соңғы шешімін шығарды.

Үкімге сәйкес, 63 жастағы хирург дәрігер екі жылға бас бостандығынан айырылса, оған көмектескен 33 жастағы акушер-гинеколог 1 жыл 6 айға сотталды. Бірақ оның жазасын орындау мерзімі бес жылға шегерілді. Ал  31 жастағы тағы бір акушер-гинеколог 1 жыл 6 айға шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Осы уақыттың ішінде ол пробациялық бақылауда болады. Бұдан бөлек, үшеуі де бір жылға дәрігерлік қызметпен айналыса алмайды және зардап шеккен тарапқа 5 миллион теңге көлемінде өтемақы төлеп беруге міндетті.

"Бұндай ауыр істі алғаш рет тергедім. Біраз тер төгуге тура келді. Тәжірибелі мамандардан кеңес алдым. Олар маған осы істі аяғына дейін жеткізуге көмектесті. Сотқа дейінгі тергеу шаралары бір жылдан астам уақыт жүргізілді. Себебі бірнеше қиын сараптама жасалды. 70-тен астам куәгерден жауап алынды. Олардың көбісі – дәрігерлер. Ал медициналық терминологияны түсіну үшін біраз әдебиетті ақтаруға тура келді", - дейді тергеуші Ілиясов.

Марқұмның жолдасы Радулин Сәмиев те тергеушіге өз алғысын айтты. Оның айтуынша, келіншегі төрт бала туған. Ал бесіншісін туамын деп ауруханаға өз аяғымен барған.

"Адамды қайтара алмайсың, оны жақсы түсінемін. Бұл – орны толмас қаза. Қатты уайымдадым. Кінәлі адамдар жазасын алмайынша балалардың көзіне қарай алмадым. Енді соттың әділ шешімі шықты. Оны мен ғана емес, ауданның барлық тұрғыны күтті. Тергеуші Фархат Ілиясов үлкен жұмыс атқарып шықты, өз білімі мен кәсіби дайындығын көрсетті. Оған өз атымнан және барлық туған-туыстың атынан алғыс айтамын", - деді Сәмиев.