Қоғам

Мәжіліс сайлауы: үміткерлердің теледебаттары өтетін дата бекітілді

"Сайлау туралы" конституциялық заңның 28-бабында сайлауалды дебаттарын өткізуге рұқсат берілген. Оны сайлау комиссиялары ұйымдастырады
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 10 желтоқсан – Sputnik. Орталық сайлау комиссиясы мәжіліс сайлауына түсетін үміткерлердің теледебаттарын өткізуге шешім қабылдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Комиссия мүшесі Анастасия Щегорцованың айтуынша, "Сайлау туралы" конституциялық заңның 28-бабында сайлауалды дебаттарын өткізуге рұқсат берілген. Оны сайлау комиссиялары ұйымдастырады.

"Осылайша, мәжіліс сайлауының дебаттарын Орталық сайлау комиссиясы ұйымдастырады. Ал мәслихаттар бойынша тиісті сайлау комиссиялары өткізеді. Осыған байланысты мәжіліс депутаттығына үміткерлердің теледебаттарын өткізу туралы қаулының жобасы әзірленді. 2020 жылдың 30 желтоқсанын сайлауалды дебаттардың датасы ретінде бекіту ұсынылып отыр", - деді Щегорцова.

Айта кетейік, мәжіліс пен мәслихаттар сайлауы 2021 жылы 10 қаңтарда өтеді. Бірыңғай электронды реестрге сәйкес, 1 желтоқсандағы жағдай бойынша сайлаушылардың жалпы саны 11 919 241 адамды құрап отыр. Бүгін кешкі сағат 18:00-ден кейін сайлауалды насихат басталады.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда бүгін сайлауалды үгіт-насихат басталады 

Алдағы сайлауда мәжіліс мандатына бес партия таласады. Олар:

  • Nur Otan;
  • "Ақ жол" демократиялық партиясы;
  • Қазақстанның халық партиясы (бұрынғы коммунистер);
  • "Ауыл" халықтық-демократиялық партиясы;
  • "Адал" партиясы.