Саясат

Қазақстанда сайлауалды үгіт-насихат басталады

© Sputnik / Абзал КалиевВыборы президента РК 2019
Выборы президента РК 2019 - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Заң бойынша мәслихат депутаттарын президент пен сенат депутаттарымен бір уақытта сайлауға болмайды. Ал мәжіліс пен мәслихат депутаттарының сайлауын бірге өткізу заңға қайшы емес

НҰР-СҰЛТАН, 10 желтоқсан – Sputnik. Желтоқсанның 10-ы кешкі сағат 18:00-ден бастап республика бойынша мәжіліс пен мәслихаттар сайлауы алдындағы үгіт-насихат басталады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Бұған дейін үміткерлерді ұсыну және партиялық тізімдерді тіркеу шаралары атқарылды. Орталық сайлау комиссиясы барлық алты саяси партияға сайлауға қатысуға рұқсат берді. Олар: 

  • Nur Otan партиясы;
  • Қазақстанның "Ақ жол" демократиялық партиясы;
  • Қазақстанның халық партиясы (бұрынғы Коммунистер партиясы);
  • "Ауыл" халықтық-демократиялық партиясы;
  • "Адал" партиясы (бұрынғы "Бірлік" партиясы);
  • Жалпыұлттық социал-демократиялық партия (ЖСДП).

"Адал" саяси партиясы Шымкент қаласы мен Түркістан облысы мәслихаттарының сайлауына қатыспайды. Себебі партияның филиалдары Оңтүстік Қазақстан облысы қайта ұйымдастырылғаннан кейін тіркеуден өтпеген. 

Мәжіліс пен мәслихаттарға қанша депутат сайланады

Орталық сайлау комиссиясының мәліметіне сәйкес, алдағы сайлауда 216 мәслихатқа 3 276 депутат сайланады. Соның ішінде республикалық маңызы бар қалалар мен астананың мәслихаттары (589 мандат), 36 облыстық мәслихаттар (596) және 163 аудандық мәслихаттар (2 091 мандат) бар. Бұдан бөлек, мәжілістің 107 депутаты да партиялық тізім бойынша сайланады. 

Сайлау кезінде әрбір адам тұрғылықты жері бойынша дауыс береді. 26 желтоқсаннан бастап сайлау учаскесінде тізімді көріп, жеке мәліметтерді тексеріп алуға болады. 1 қазандағы жағдай бойынша сайлаушылар тізіміне 11 миллион 820 мың 318 азамат кірген.

Бұдан бөлек, Қазақстанның шет мемлекеттердегі өкілдіктері жанынан әлемнің 51 елінде 66 сайлау учаскесі құрылды. Сол жерде шетелде тұратын немесе ұзақ мерзімді іссапарда жүрген қазақстандықтар төлқұжатымен дауыс бере алады. 

Сайлаушыға қанша бюллетень беріледі

Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Констатин Петровтың айтуынша, мәжіліс пен мәслихаттар сайлауында бөлек бір мандат үшін емес, саяси партиялардың күресі болады. Себебі депутаттар партиялық тізіммен сайланады. 

"Сайлауда республикалық маңызы бар қалаларда және астанада сайлаушыларға бірден екі бюллетень беріледі. Біреуі мәжіліске партиялық тізім бойынша сайланатын депутат таңдауға арналса, екіншісі мәслихатқа өтетін нақты бір партияға дауыс беруге арналған", - дейді Петров.

Оның айтуынша, басқа қалалар мен аудандарда дауыс беретін азаматтарға үш бюллетень беріледі.  Біреуі – мәжіліс, екіншісі – облыстық мәслихат, ал үшінші бюллетень қалалық немесе аудандық мәслихат депутаттарын партиялық тізіммен таңдауға арналған. Осылайша, үш бюллетень бөлек саналып, нәтижесі де бөлек шығарылады. 

Бірлескен сайлауға қанша ақша бөлінді

Заң бойынша мәслихат депутаттарын президент пен сенат депутаттарымен бір уақытта сайлауға болмайды. Ал мәжіліс пен мәслихат депутаттарының сайлауын бірге өткізу заңға қайшы емес. Комиссия мүшелерінің сөзіне қарағанда, қазіргі жағдайда осы екі саяси шараны бір уақытта өткізудің арқасында бюджет қаржысын да үнемдеуге болады. Оған қоса, мәжіліс мен мәслихат депутаттарын сайлау жүйесі партиялық тізімдерді тіркеу мерзімі жағынан ұқсас, үгіт-насихатты бір уақытта бастауға да мүмкіндік береді. 

Жалпы, парламент мәжілісі мен мәслихаттардың сайлау науқанына кететін шығындардың жобалық сметасы 15,3 миллиард теңгені құрайды. Соның ішінде сайлау комиссияларында жұмыс істейтін мамандардың жалақысы да бар. Оларға үш минималды еңбекақыдан төмен болмайтын жалақы белгіленеді. Бұл – заң талабы. 

Биыл үкімет минималды еңбекақыны 42 500 теңге көлемінде белгілеген болатын. Сондықтан сайлау комиссияларының мүшелеріне, кем дегенде, 127 500 теңгенің (үш минималды еңбекақы - Sputnik) жалақысы төленеді. Сондай-ақ, уақытынан артық жұмыс істегені үшін де ақы төленеді. Бірақ оның көлемі айына 12 сағаттан аспауы тиіс. 

Демалыс пен мереке күндері де жалақы төленеді. Бірақ әрбір адамның жұмысқа шыққаны туралы табель жүргізіледі. 

Үгіт-насихат қашан аяқталады

2021 жылы 9 қаңтарда түнгі сағат 00:00-де үгіт-насихат тоқтатылуы шарт.  Сол күн тыныштық күні болады. Ал 10 қаңтарда дауыс беру таңғы сағат 7:00-де басталып, кешкі сағат 20:00-ге дейін жалғасады. Дауыстарды 12 сағаттың ішінде санап шығу қажет. 

Ал орталық сайлау комиссиясы дауыс беру аяқталғаннан кейін жеті күннің ішінде сайлаудың нәтижесін жариялайды. 7 проценттік межеден асқан партиялар мәжіліске өтеді. Бұған дейін осы межеден тек Nur Otan, Ақ жол мен Қазақстан коммунистері партиясы ғана өткен.

© SputnikМәжіліс сайлауы - 2021: қандай партиялар қатысады
Қазақстанда сайлауалды үгіт-насихат басталады - Sputnik Қазақстан
Мәжіліс сайлауы - 2021: қандай партиялар қатысады
Жаңалықтар
0