Беловеж келісімінің мақсаты қандай еді?

Үлкен Буш кейіннен өз естеліктерінде Ельцин оған Беловеж тоғайындағы аңшылық үйінен хабарласып, "Горбачев әлі бұл нәтижелерден бейхабар... Құрметті Джордж... бұл аса маңызды..." деп мәлімдегенін жазды
Sputnik

1991 жылдың 8 желтоқсанында Беловеж тоғайында Ресей президенті Борис Ельцин, Украина президенті Леонид Кравчук және Белоруссия Жоғарғы Кеңесінің төрағасы Станислав Шушкевич ТМД-ны құру және КСРО-ны тарату туралы Беловеж келісіміне қол қойды, деп жазады radiosputnik.ria.ru. 

Ельциннің бұрынғы жақын пікірлесі Михаил Полторанин біздің заманымызда берген сұхбаттың бірінде Беловеж келісімін дайындауда Ельциннің атқарған рөлі туралы сұраққа: "Ельцин шешуші рөл ойнады. Оның ештеңеге жаны ашымады. Оған бәрібір болды. Тек билік қолында болғанын қалады. Ол дәл өзі секілді барлығына қол сілтеген Горбачевпен сөз байласты. Олардың арасындағы жауластық көзбояушылық болатын" деп мәлімдеді.

Қазақстанда КСРО төлқұжатын ұстап жүргендер аз емес – министрлік есебін жариялады
Өз тарапынан Горбачев Одақтың халықаралық деңгейдегі позицияларын әлсіретті. 1989 жылдың 3 желтоқсанында Мальтадағы кездесуде президент үлкен Джордж Бушпен бірлесіп, олар бұдан былай АҚШ пен КСРО қарсыластар емес екенін жариялады. Бұл "қырғи-қабақ соғыстың" аяқталуының ресми күні ретінде тарихқа енді. Алайда, қазіргі саясаткерлердің басым бөлігі бұл кездесудің нәтижесін "саяси Чернобыль" деп атайды. 1985 жылы Горбачевпен жаңа танысқан үлкен Буш "біздің міндетіміз оған көмектесу емес, біз өзімізге қажетті бағытта оның саясатына ықпал етіп, АҚШ мүддесінде әрекет етуіміз керек" деді. Генри Киссинджер Шығыс Еуропаны Батыс Еуропамен қайта біріктіруді КСРО-сыз жүзеге асыруды ұсынды. Ал, Горбачевқа Шығыс Еуропа елдеріндегі өзгерістерді Кеңес Одағының қауіпсіздік мүдделеріне нұқсан келтіретіндей мақсатта пайдаланбауға уәде етті.

Мальтадағы кездесудің алдында президент әкімшілігінің басшысы Джон Сунуну Горбачевқа оны есеңгірететіндей қарсы әрекет жасалатынын ашық түрде мәлімдеді. Ал үлкен Буш мұны толықтай қолдады.

Америкалықтар одақ көшбасшысы позицияларының сенімсіздіктерін сезді. Сондықтан, Мальтадан кейін мемлекеттік хатшы Джеймс Бейкер Мәскеуде Горбачевпен кездесу барысында АҚШ біріккен Германияға НАТО мүшесі ретінде жақтастық білдіретінін айтты. Ол НАТО құзыреті Шығысқа қарай бір елі де тарамайтынына кепілдік берді.

Саясаткерлердің айтуынша, Горбачев бірқатар "шегіністері" үшін батыстың қаржылай көмегіне ие боламын деп үміттенді. Алайда, 1991 жылғы шілдеде Лондонда өткен "Үлкен жетілік" саммитінде бұл арманның күлін көкке ұшырды.

Горбачев Лондоннан көңілі құлазып қайтты. АҚШ президентінің кеңесшісі Брент Скоукрофт жағдайды былай сипаттады: "Горбачев өз пайымы бойынша өзіне тиесіліні алып кетуге келді... Ол проблеманың аса маңыздылығын түсінбегендей".

Тоқаев пен бұрынғы КСРО елдерінің әскерилері Жеңіс парадына қатысты - видео
Беловеж келісіміне қайта оралайық. Полтораниннің айтуынша, "Ельцин президенттік идеяны Америкадан 1989 жылы алып келген. АҚШ-та біздің саясаткерлермен көптеген жұмыстар жүргізілді. Ельцинге ықпал ету оңай еді".

1991 жылы маусымда өткен КСРО Жоғарғы Кеңесінің жабық отырысында Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің төрағасы Владимир Крючков елде жаудың ықпал ету агенттерінің кем дегенде 2200-і жұмыс істеп тұрғанын мәлімдеді. 

Ельцин өзінің "Президент жазбалары" атты кітабында Беловеж кездесуіндегі өз сезімін былай деп сипаттаған: "Кенет қандай да бір еркіндікті, жеңілдікті сезіндім... Мен жүрегіммен сезіндім: үлкен шешімдерді оңай қабылдау керек..."

Бұл оңай шешім кең дастархан басында аталып өтті. Үлкен Буш өз естеліктерінде Ельцин оған Беловеж тоғайындағы аңшылық үйінен хабарласып, "Горбачев әлі бұл нәтижелерден бейхабар... Құрметті Джордж... бұл аса маңызды. Арамызда қалыптасқан дәстүрді ескере отырып, мен шұғыл түрде сізге хабарласуды жөн көрдім" деп мәлімдегенін жазды.