Өңірлер

Талдықорғанда бес жыл бойы іздеуде болған қауіпті қылмыскер қолға түсті

Күдікті осы уақыт бойы әртүрлі өңірде тұрып, қара жұмыс істеген, ресми түрде еш жерге жұмысқа тұрмаған
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 8 желтоқсан – Sputnik. Талдықорғанда бес жыл бұрын ауыр қылмыс жасағаны үшін іздеу жарияланған күдікті ұсталды, деп хабарлайды Polisia.kz.

Қылмыс 2015 жылдың қаңтарында Талғар ауданы Жаңалық кентінде жасалған. Алматы облысы Жамбыл ауданының 20 жастағы тұрғыны кәмелетке толмаған екі баланы пышақпен ауыр жаралайды. Ал өзі кейін ізін жасырған.

Бұл факті Қылмыстық кодекстің 106-бабы 2-тармағы  "Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру" бойынша сотқа дейінгі тергеулердің бірыңғай реестріне тіркелді.

Сот іздеу жарияланған күдіктіге қатысты қамауда ұстау түрінде бұлтартпау шарасын таңдайды. Жедел іздеу шаралары нәтижесінде облыстық және аудандық криминалдық полиция ер адамның ізіне түсіп, оны Талдықорған қаласында ұстады.

Тағы оқыңыз: Келбетін өзгертіп, шетелге қашқан педофил 13 жылдан кейін ұсталды

Ол бес жыл бойы әртүрлі өңірде тұрып, қара жұмыс істеген. Бірақ ресми түрде ешқайда жұмысқа орналаспаған.

Талдықорғанға бірнеше күн бұрын ғана келген.

Сотқа дейінгі тергеу кезінде күдіктінің Алматы және Алматы облысында ашылмаған қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріледі.

Қылмыстық іс бойынша өзге ақпарат ҚПК-ның 201-бабына сәйкес жария етілмейді.