НҰР-СҰЛТАН, 4 желтоқсан – Sputnik. Осы айда Ресейдің әуе-ғарыш күштерінің қатарына Су-57 жойғыш ұшағы қосылады. Бұл – бесінші буынға жататын техниканың алғашқы нұсқасы.
Бірінші сериямен 76 ұшақ шығарылады. Оның қанатына С-70 "Охотник" пилотсыз ұшу аппараты орнатылған. Ол жасанды интеллектке негізделген. Қазіргі кезде аппарат арнайы полигонда жоғарыдан нысананы анықтау және оны зымыранмен жою сияқты сынақтардан өтіп жатыр.
Алдымен бірінші кезеңдегі қозғалтқышлар салынса, 2025 жылдан бастап ұшақтар екінші кезеңнің қозғалтқыштарымен шығарылады. Дегенмен, қазірдің өзінде Су-57 әлемдегі ең озық әрі қуатты жойғыштардың бірі болып саналады.
Бесінші буынға жататын ресейлік ұшақ әуеде, жерде және суда кез келген нысанды жоя алады. Форсажды қоспай-ақ, жоғары жылдамдықпен ұшады. Маневр жасау қабілеті де жоғары. Ал борттағы электроника тиімділігін арттырып, әскери басымдығын күшейтіп отыр.
Military Watch Magazine мәліметіне сәйкес, Су-57 ұшағының бортында әмбебап қару-жарақтар бар. Олар – өте сезімтал радарлар, 400 шақырымға ұшатын гипердыбыстық зымырандар, жаудың зымыран шабуылынан қорғайтын лазерлік жүйе және тағы басқа озық технологиялар. Ал пилотсыз ұшу аппараттарымен бірге Су-57 жауынгерлік басқару орталығына айналады.
Ұшақтың корпусында антенналық тор үлгісінде радарлар орнатылған. Соның арқасында айналадағы жағдайды кеңінен бақылап отыруға мүмкіндік бар. Ал бүйірдегі радиолокациялық жүйелер нысаны іздеу қабілетін арттырып, жаудың радарына көрінбеуге жағдай жасайды. Сол кезде Су-57 ұшағында және пилотсыз аппаратта зымырандарды бағыттау тиімділігі төмендемейді. "Ұшақ-компьютерге" арнайы аэродром керек емес. Оған даладағы кез келген жерде қызмет көрсетуге болады.
Су-57 серияға шықпай жатып, шетелден тапсырыс көп түсті. Ресейлік жойғыш ұшақтың алғашқы сатып алушысы Алжир болады. Осы мемлекет 14 машинаға тапсырыс берген. Келісімшарттың жалпы құны – $2 миллиард. Тапсырысты орындау мерзімі – бес жыл.
Пилотсыз аппараттың ұзындығы – 19 метр. Қанаттарының құлашы – 14 метр. Ал әуеге көтерілу салмағы 20 тоннаға дейін барады. Ол сағатына 1000 шақырыммен ұша алады. Сынақ шаралары жалғасуда.