Өңірлер

Алматыда жас жігіт ғашығы жұмыс істейтін дүкеннің шатырынан секірмек болды – видео

Өзіне қол жұмсамақ болған алматылық құтқарылды. Полицияның хабарлауынша, жігіт ғашық болған, бірақ қыз одан бас тартқан
Sputnik

АЛМАТЫ, 3 желтоқсан – Sputnik. Алматыда дүкеннің төбесіне шығып, секірмек болған 21 жастағы жігітті полиция құтқарып қалды.  

Жігіт дүкенде жұмыс істейтін қызға ғашық болып, сөз салған. Қыз бетін қайтарып тастаған соң дүкеннің төбесіне шыққан, деп жазды Polisia.kz

Оқи отырыңыз: Ақтөбеде қыз бен жігіт 25-қабаттан секіріп кетті 

"Кешке сағат 20:40 шамасында ер адам шатырдан секіргелі жатыр деген қоңырау түсті. Біз оқиға орнына келіп, ақпараттың расталғанына көз жеткіздік. Шамамен 20-25 жастағы ер адам. Көп адам жиналды. Сондықтан біз еш ойланбастан батыл әрекет етуге бел будық, екі жақтан төбеге көтерілу үшін бөліндік", – деді Алматы қаласы жергілікті полиция қызметі патрульдік полиция полкінің инспекторы Абылайхан Оқас.

Полицейдің бірі баспалдақпен көтерілген, енді бірі жарнама тақтасы арқылы дүкеннің шатырына шыққан.  

"Осы уақыттабаспалдаққа жүгіріп барып, жоғарыға көтерілдім. Алдымен ер адамның назарын аудартып, ойланбаған әрекетті жасамауын өтіне бастадым. Бірақ мен жақындаған сайын жігіт одан әрі секіруге әрекет жасай бастады. Сол сәтте шығыс жақтан келген әріптесім оны ұстап алып, шатырға қайта тартты", - деді полицей Ақберген Төлегенов.

Жігітті құтқарғаннан кейін бұл әрекетке не себепті барғанын сұраған. Полицияның хабарлауынша, жігіт ғашық болған, бірақ қыз одан бас тартқан.

Ер адам Жетісу аудандық полиция бөліміне жеткізілді.